Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыру қажет - Мәжіліс депутаты

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп саласына қатысты тапсырмалар берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп саласының түйткілді мәселелеріне тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. Осыған қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жиында елімізде 2023 жылы орын алған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Сондай-ақ, ел Президенті агроөнеркәсіп саласының мәселелеріне тоқталып, олардың маңыздылығын атап өтті: «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн.

Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашатындығын» баса айтты.

Мемлекет басшысының көтерген әрбір мәселесі өте өзекті әрі орынды. Бұл мәселелер біздің Комитет отырыстарында да осы уақытқа дейін көтеріліп келеді. Ендігі кезекте осы айтылған тапсырмалар бойынша жұмыс жасап, алдағы уақытқа жаңа жоспарлар құратын боламыз», - деді депутат.