СҚО-дағы қашықтан оқыту: 11 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО оқушылары үшін қашықтан оқудың алғашқы аптасы қалай аяқталды?

фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық студенттер мен мектеп шәкірттері үшін биылғы оқу жылының 4-ші тоқсаны ерекше басталды. Балалар сабақ оқу үшін әдеттегідей сыныптағы партаға емес, үйдегі теледидар алдына жайғасты. Күн сайын отандық «Балапан» және «Ел арна» телеарналары арқылы көгілдір экрандағы мұғалім жаңа тақырыптарды түсіндіріп, қашықтан білім беруге тырысып жатыр. СҚО-дағы мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін оқу жылының соңғы тоқсанының алғашқы аптасы қалай аяқталды? Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі бірнеше адамның пікірін білген еді.

АТА-АНАЛАР НЕСИЕГЕ НОУТБУК АЛЫП, ҚАРЫЗҒА БАТТЫ

Коронавирус пандемиясының кесірі тимеген сала елімізде кемде-кем. Білім беру министрлігіне карантин жағдайында 4-ші тоқсанды бастап кету оңай болмады. Алдымен көпшілік «Zoom» платформасы арқылы онлайн оқу жүйесіне әзірленді. Балаларының оқуын үзбес үшін ата-аналар техника саудалайтын дүкендерге ағылды. Компьютер, ноутбуктер сатып алды. Олардың қатарында несие рәсімдеп, қарызға батқандар да баршылық. Алайда, сатып алған тауардың соншалықты қажеті болмай қалды.

«Бауырыма ноутбук алу керек болды. Компьютер сататын дүкендерді өзім араладым. Ең арзан дегенінің бағасы 180 мың теңге. Саудагерлер сұраныстың көптігін пайдаланып, бағаны аспандатып жіберген. Соған қарамастан, халық компьютер алуға кезекке тұрды. Қарапайым халықтың қалтасында мұндай сома қайдан болсын? Несиеге рәсімдегендер көп болды», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Фархат Тастамбеков.

САБАҚ ОҚУҒА СЕГІЗ САҒАТ КЕТЕДІ

Еліміздегі интернет сапасы көпшіліктің күткен үмітін ақтамады. Миллиондаған тұтынушы желіге бір мезетте қосылғанда, интернет шапшаңдығы қай деңгейде екені білініп қалды. Көктемгі каникул мерзімі аяқталуға бірер күн қалғанда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеме жасап, балалар қашықтан білім алатынын хабарлады.

Әсел Ысмайлова ана күн сайын сағат 9:40-та 3-ші сынып оқитын кенжесімен бірге теледидар алдына отыратынын айтады. Анасы мен баласы үшін таңертең басталған сабақ оқу процесі кешкі алтыдан аса аяқталады. Себебі, күні бойы үй тапсырмасын орындау қажет.

«Телеарна арқылы негізгі пәндер ғана оқытылады. Қалған сабақтар бойынша мұғалімдер материалдар мен тапсырма береді. Әр пәннің мұғалімі WhatspАрp-та топ құрып қойған. Барлық тапсырманы сонда салады. Біз оны орындап, суретке түсіріп, өздеріне қайта жолдаймыз. Оған қоса, «Күнделік», «Opiq» платформаларын пайдалануға міндеттіміз. Ешқандай жүйе жоқ.  Кішкентай бала компьютердің пернетақтасын да дұрыс меңгермеген. Сансыз топтардың қайсында не барын ажырата алмай, басы қатады. Өзіме көмектесуге тура келеді. Алғашқы күндері қатты шаршады. Осындай мезгілде күрделі пәндерді ғана оқып, дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек сынды сабақтарды қоя тұруға да болатын еді. Өйткені, балалар барлығын игере алмай жатыр», - дейді Әсел.

Жалғыз Ысмайловтардың ғана емес, Қазақстандағы миллиондаған отбасының жағдайы осындай.

БАЛАЛАР «ШАЛА» БІЛІМ АЛЫП ЖАТЫР    

Ал мұғалімдер қауымына түсетін салмақ еселеп артты.  Ерғали Сәткенов – 40 жыл еңбек өтілі бар педагог. Білікті маман заман ағымымен бірге адымдап, әр салада болып жатқан жаңашылдықтарды меңгеруге бейімделген. Алайда, бұрын-соңды дәл қазіргідей қиналмағанын айтады.

«90-шы жылдары жылуы жоқ суық мектептерде сабақ жүргіздік. Айлап жалақы алмаған күндеріміз болды. Ол күндер де өткеннің еншісінде қалды. Ал 2000-шы жылдардан бері мұғалімдер «қолбала» болып келеді. Ешкім бізді қорғамайды. Ештеңеге қарамастан ұстаздар «бәрі оңалар» деген үмітпен жұмыс істеп келеді. Күтпеген жерден пандемияға тап болды. Баршамыз есікті бекітіп, үйде қашықтан жұмыс істеуге мәжбүрміз.  Күндегі 3-5 сабақ еселеп көбейді. Жұмыс күнім таңғы 7 болмай басталып, түнгі сағат 1-де аяқталады. Бұл мен үшін ұстаздық тәжірибемдегі ең ауыр кезеңге айналды», - дейді Ерғали Шәмілұлы.

Ерғали Сәткеновтың бірнеше сыныпта оқитын 170-тен астам оқушысы бар. Мұғалім 40 минутқа негізделген сабақ бағдарламасын ықшамдап қана қоймай, әр баланың үй тапсырмасын қадағалап, түсінбеген сұрақтарына жауап беріп, кері байланысқа шығуы керек.

«Бүгінде жаңашаланған білім бағдарламасы сыналып жатыр. Оның негізі – оқушының өздігінен білім алуына бағытталған. Кей балалар тапсырманы өздері орындамай, интернеттен көшіріп жібере салады. Балалардың барлығы білім алу өзіне керек екенін ұғына бермейді. Ал ауылдан келетін оқушылар мүлде байланыссыз жатыр. Себебі, интернет жоқ. Қазір басқа амал болмағандықтан қашықтан оқытып жатырмыз. Шын мәнінде, балалар «шала» білім алып жатыр», - дейді мұғалім.

11 МЕКТЕП ШТАТТЫҚ РЕЖИМДЕ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында 70 мыңнан астам оқушы бар. Олардың 48 мыңы қашықтан, 24 мыңы онлайн оқу жүйесі бойынша білім алуда. Ал интернеті мүлде жоқ 11 мектептің 500-ге тарта оқушысы штаттық режимде білім беру мекемесіне барып жүр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, сабақтар ойдағыдай өтуде. Оқушылар тек білім платформалары арқылы ғана емес, отандық телеарналардан да жаңа тақырыптарды меңгеріп жатыр.

«Өңір бойынша Айыртау және Ақжар аудандарындағы мектептер жұмысын жалғастырды. Онда санитарлық жағдайға баса мән беріледі. Оқушылар фильтрден өтеді. Оқушылардың санын азайту үшін жұмыс екі кезеңде жүріп жатыр», - дейді Гүлмира Кәрімова.

Өңірде 15 Call-орталығы іске қосылды. Оған 100-ге тарта сауал келіп түскен. Дені «Күнделік», «Zoom» және «BilimLand» жұмысына қатысты.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО