Карантин кезіндегі тұрмыстық зорлық – психоаналитик пен заңгер кеңесі
Пандемия кезінде әлем бойынша зорлық-зомбылық әрекеті көбейген

Бір апта бұрын 28 жастағы ақтөбелік Айнагүл Бекенованы бұрынғы күйеуі жұмыс орнына келіп, пышақпен бетін тіліп тастағаны туралы жаңалық БАҚ-та жарияланды. Белгілі болғаны, келіншек бұған дейін де күйеуінен талай рет таяқ жеген. Бас прокуратураның 2019 жылғы мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлыққа шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсайды. Әлемдік пандемия кезінде көптеген елде тұрмыстық зорлық әрекеті күрт өсіп отыр.
АБЬЮЗЕРДІ ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ?
Тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектерге «не істеген жөн» деген сұраққа Қазақстандағы психоаналитикалық қауымдастықтың мүшесі Жұлдыз Төлеу Azattyq Ruhy тілшісімен болған сұхбатта жауап берген еді.
— Жұлдыз ханым, пандемия кезінде тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектерге бұрынғыдан гөрі қиынырақ болып жатқаны анық. Себебі, олар қазір ешқандай орталыққа бара алмайды. Таңдауда тек туған-туысқа бару немесе полицияға шағым түсіру ғана қалады. Қыз-келіншектер тиранмен өмір сүріп жатқанын қалай біле алады?
— Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ)бас хатшысы Антониу Гутерриш карантин кезінде әлемнің көптеген елінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткенін мәлімдеді. Ол кейбір елдерде көмек сұраған әйелдердің саны артқанын айтып, алаңдайтынын жеткізді. Мәселен, Ресейде отбасылық зорлықтың құрбандарына көмектесетін тоғыз бірдей үкіметтік емес ұйым жәбір көрген қыз-келіншектің көбейгені соншалықты, биліктен көмек сұрап жатыр. Қазақстанда да бұл жағдай оңай болып жатқан жоқ деп ойлаймын. Жалпы, коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин отбасылық институтқа кәдімгідей соққы болатын сияқты. Көптеген жұп ұзақ уақыт бірге болуға дайын емес болып шықты. Оның әрине, көптеген себебі бар. Ол ұзақ тарқатып айтатын бөлек әңгіме. Отбасылық абьюзерге келетін болсақ, өкінішке қарай, біздің қоғамда карантин болмай тұрып та, зорлық-зомбылыққа тап болатын келіншектер жеткілікті. Кейде солардың қандай қорлық көрген әңгімелерін тыңдап отырып, орта ғасырда да мұндай жағдай болмаған шығар деп еріксіз басыңды шайқайсың. Тіптен, күніне бес уақыт намаз оқып, имандылықты насихаттап жүрмін деген ер азаматтардың әйелдері де көрген қорлықтарын сөзбен жеткізе алмай, жылап келеді.
— Абьюзер дегеніміз кім?
— Абьюзер – ең бірінші патологиялық нарцисс. Ондай адамда сезім болмайды. Былайша айтқанда, ішкі жан дүниесі бос, не мұз болып қатып қалған. Олар сырт көзге өте мәдениетті, сырбаз көрінуі мүмкін. Олардың арасында бай-манаптар да, атақты адамдар да болуы мүмкін. Олар мықты манипулятор. Құрбандар көбіне олардың сыртқы келбетіне ғашық болып қалады немесе дүние-мүлкінің арбауына түсіп, одан шыға алмай қалады. Екінші түрі – ашық агрессор. Былайша айтқанда кәдімгі ұр да жық, дөрекі адам. Қыз-келіншектер көбінде оларды ер мінезді, қорған бола алатын азамат ретінде қабылдап қалады. Сыртқы әлемнен қорғайды деп қабылдайды. Бірақ бұл күш өзіне жұмсалатынын білмейді. Тағы бір тип айналасын үнемі бақылауда ұстайды. Оның жанында жүрген адам үнемі өзін кінәлі сезінеді.
— Неліктен көп әйелдер күйеуінің тиран екенін біле тұра, онымен өмір сүруін жалғастырады?
— Кез келген әйел саналы түрде тиранға күйеуге шығамын не солардың құрбаны боламын деп ойламайды. Бірақ не себептен бейсаналы түрде сондай ер азаматты таңдайды? Медальдің екі жағы болатын секілді, абьюзер де бейсаналы түрде өзінің құрбанын таңдайды. Психоанализ тілімен айтатын болсақ, садист бар жерде міндетті түрде мазохист болады. Мазохист деген кім? Бейсаналы түрде физикалық, эмоционалдық тұрғыдан жапа шеккеннен ләззат алатын адам. Бұл жерде тек бейсаналы тұрғыдан айтып отырмын. Ол адамның өзінің санасына жетпеуі мүмкін. Оның түпкі себебін сол балалық шағынан іздейміз. Жалпы садист та, мазохист та отбасылық физикалық, психикалық не эмоционалдық зорлық-зомбылықта өскен, жаны дамымай қалған адам. Отбасында зорлық көрмесе де, бала кезде қандай да бір жан жарақатын алған. Оны әке-шешесі де білмеуі мүмкін. Эмоционалдық тұрғыдан дегенде, кейбір ата-аналар баласына жылы сөз айтып, мейірімін бере алмайды. Сол кезде бала жылау арқылы немесе өзін жарақаттау арқылы ата-анасын қаратып, мейірімін алады. Осы баланың психикасында аффект болып қалып қояды да, ертеңгі күні өзінің өмірлік серігімен осы үлгіні жалғастырады. «Мені ұрады, демек, мені жақсы көреді» деген ұстаныммен өмір сүреді. Мысалы, менің қабылдауымда бір келіншек болды. Екі рет күйеуге шыққан. Бірінші күйеуінен де, екінші күйеуінен де көрмеген қорлығы жоқ. Ақыр соңында балаларын алып, екіншісінен де қашып кетуге мәжбүр болған. Кейін әрі қарай, терең қазбалағанда, көзін ашқаннан әкесінің шешесін ұрғанын көріп өскен екен. Ол қанша жерде жақсы жар таңдадым дегенімен, бейсанасында қалып қойған әке моделіне ұрына берді. Себебі, кішкентай қыз үшін әкесі идеал. Ол шешесін ұрғанымен, қызын жақсы көріп, мейірімін берді ғой кішкентай кезінде. Ол соның бейсанасында «идеал әке» ретінде қалып қойды.
— Мұндай қарым-қатынас стилінің соңы қандай қауіптерге апаруы мүмкін?
— Үнемі соққы көретін адамның өзіне деген құрметі қалмайды. Өзін-өзі жек көреді. Мұның соңы әрине, өлімге әкелуі мүмкін. Кейде мазохистің артында созылмалы депрессия жатады. Мұндай адамның бейсанасында өлімге деген құштарлық болады. Өзіне-өзі қол жұмсай алмайды да, бейсаналы түрде өзге адамның қолынан жан тапсырғанды жөн көреді. Егер мұндай қарым-қатынасты дер кезінде психологқа барып тоқтатпаса, бұл сценарий сол отбасының моделі болып қалып, ұрпағынан ұрпаққа жалғасып кете беруі мүмкін. Сондықтан отбасының ерік-жігері мықты адамы психоаналитикке барып бұл сценарийді үзуі керек.
— Әйел адам өзін қорғауы үшін нендей әрекеттер жасап, қандай қадамдарды білуі тиіс?
— Ең алдымен, абьюзердің психикалық ауру екенін түсінуі керек. Өкінішке қарай, әйелдер «мен махаббатым арқылы құтқарамын» деп, өзі соның қақпанына қалай түскенін білмей қалады. Абьюзер психологқа барған күннің өзінде өте ұзақ емделеді. Бірнеше жылға созылады. Былай қарағанда, абьюзердің ішінде өмірге өкпелі, әке-шешесіне ренжулі кішкентай бала жатыр ғой. Психоаналитиктің міндеті – сол іштегі «кішкентай баланы» биологиялық жасына дейін жетілдіру. Өкініштісі, патологиялық нарцисстер психологқа бармайды. Барған күннің өзінде көпке шыдамайды.
— Тұрмыстық зорлықтың құрбанына ұшыраған қыз-келіншектерге берер кеңесіңіз?
— Қыз-келіншектер алдымен өзіне «Маған мұндай қарым-қатынас не үшін қажет болды? Не үшін өзімді осындай қарым-қатынас арқылы жазаладым?» деген сұрақ қойып, соған жауап іздесе. Содан соң міндетті түрде психоаналитикке барғаны жөн. Бұл мәселені қанша жерден жеке өзім ізденіп шешемін дегеннің өзінде, жаныңызға сырттан үңілетін маманның көмегі қажет болады.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ ҚАЙДА ХАБАРЛАСУЫ КЕРЕК
Аталған мәселеде еліміздегі көптеген әйелдердің құқықтық сауаттылығының төмен екенін де ескерген жөн. Осыған орай, белгілі заңгер Кәмшат Есмұхаметқызына хабарласып, мұндай әрекеттерге заң не дейтінін білдік.
«Бізге аптасына 4-5 әйел хабарласады. Көпшілігі күйеуінің ұрғанын, еркінен тыс жыныстық қатынаспен айналысуға итермелегенін айтып жатады. Әйел адам тұрмыстық зорлық дерегі бойынша жазған өтініште ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер»), 73-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру»), 73-бабының 2-бөлігі («Ұрып-соғу») сипат алса, әкімшілік материалдар жиналады.
Учаскелік инспектор ол материалдары Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолдайды. Орта дәрежедегі жарақат алатын болса немесе ауыр соққы алатын болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 107-ші бабы «қасақана денеге орта дәрежеде зиян келтіру» баптарымен жауапкершілікке тартылады. Жыныстық қатынасқа еркінен тыс түсірсе, онда 120 бап бойынша жауапқа тартылады.
Біздің елде тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектерді қорғауда полиция әлсіздік танытып жатады. Көп жағдайда қарапайым ғана «зорлыққа ұшыраған әйелді қорғау» әрекетін орындамайды. Көп әйел қорқу-үрку жағдайын бастан кешкеннен кейін барып, өздері жалынып сұрап алып жатады. Шын мәнінде, ол құқық бұзған адамға қарсы бірден жасалуы тиіс шара», - деді ол.
Айта кетейік, егер сіз тұрмыстық зорлықтың құрбаны болсаңыз, бірінші кезекте 102 нөміріне хабарласыңыз. КМУ «Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» сенім телефондары (құпиялылықты сақтайды, тәулік бойы қызмет көрсетеді): 150, 8 (777) 2255326, 8 (771) 5079304.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан