Науқаспен байланыста болған 158 адам анықталды
Павлодарда коронавирус жұқтырған 39 жастағы жергілікті тұрғын Қазақстанның үш қаласында болып келген. Бұл жайында Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайылов хабарлады.
«Кеше анықталған науқас – 1981 жылы туған Павлодар тұрғыны. 8 сәуірде КВИ симптомымен жедел жәрдеммен жұқпалы аурухалар емханасына жатқызылды. Қазір жағдайы тұрақты. Емделушінің айтуынша, 21 наурыздан бастап ол Қазақстанның бірнеше қаласына, соның ішінде Қарағанды, Шымкент және Таразға барған», - деді ол.
Науқаспен байланыста 158 адам болғаны анықталған. Олардың алтауы стационарлық карантинге жатқызылып, 114 адам үй карантиніне жабылыпты. 38 адам басқа өңір тұрғындары. Сондықтан олардың мәліметтері тиісті облыстардың мекемелеріне жіберілген.
Еске салайық, кеше Павлодар облысында коронавирус жұқтырған қария қайтыс болған еді. 84 жастағы марқұммен 118 адам байланысқа түсіпті.
«Ол 8 сәуірде ауруханаға түскен. Ер адам сол күні коронавирусқа тест тапсырып, ертесіне сынама оң нәтиже көрсетті. Ол бронх асмасы, өкпенің обструктивті созылмалы ауруы, жүректің ишемиялық ауруы, үшінші дәрежелі артериялық гипертензиясы және көкірек терісінің қатерлі ісігі диагноздарымен есепте тұрған. Байланыста болған 118 адам анықталды. 50-і ауруханаға жатқызылды. 65-і үй карантинінде», - деп айтты Б.Досмайылов.
Ал Ақсу қаласының 1988 жылғы тұрғыны кеше ауруынан жазылып шықты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан