Біртанов Алматыдағы наразы медқызметкерлерден кешірім сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Министр дәрігерлердің дұрыс бөлінбеген үстемеақыға қатысты шағымына жауап берді

Фото: primeminister.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің дұрыс бөлінбеген үстемеақыға қатысты шағымына жауап беріп, дәрігерлерге қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Елжан Біртанов алматылық дәрігерлердің әлеуметтік желідегі шағымына бірден назар аударып, туындап отырған мәселенің жай-жапсарын анықтайтынын айтты. Сондай-ақ, үстемеақыға байланысты шыққан дау үшін өзінің Facebook парақшасында пост жазып, дәрігерлерден кешірім сұрады.

«Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шығарған министрліктің коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан дәрігерлердің үстемеақысы туралы бұйрығын қате тәпсірлеген», - деп атап өтті Елжан Біртанов.

Ол сондай-ақ, инфекциялық стационардың дәрігерлері, медбикелер, кіші медициналық қызметкерлер жалақыларына үстемеақы төленетін 1-санаттағы тұлғаларға жататынын еске салды.

«Басқарма мен емхана басшылығынан ертең таңертең қателікті жөндеп, бекітілген бұйрыққа сай үстемеақы төлеуді сұраймын! Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығына осы мәселені бақылауға алып, ертең тапсырманың орындалғаны жөнінде маған баяндауды сұраймын. Осы қолайсыздықтар үшін кешірім өтінемін. Facebook-ке қазір ғана қолым жетіп, әріптестерімнің үндеуін енді оқып отырмын», - деп жазды министр. 

Еске салсақ, кеше Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлері жалақыларына қосылып берілетін үстемеақыға қатысты шағым айтқан болатын.  

Олардың айтуынша, аталмыш аурухананың 20 ең төменгі жалақы (850 мың теңге) қосымша төленуі тиіс медқызметкерлерін қауіптілігі аса жоғары саналатын 1-санаттағы дәрігерлер қатарына жатқызудың орнына, оларды қауіптілігі орташа деңгейдегі 3-санатқа жататын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қабылдау бөлімінің, шұғыл стационар бөлімінің  қызметкерлерімен теңестіріп қойған. Осылайша, оларға 58 мың теңге мен 169 теңге аралығындағы ең төменгі үстемақы тағайындалған.