ЖОО-ларда оқу ғимараттары жетпей қалуы мүмкін – депутат
Бүгінгі таңда жалға алынған аудан көлемі 1 111 мың шаршы метрді құрап, 7,6 есеге өскен
Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы өткір мәселенің бірі – жоғары оқу орындары инфрақұрылымының оқу-зертханалық алаңдарына шамадан артық күш түсуі мен келешекте олардың жетпей қалу қаупі. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Атап айтсақ, 2015-2016 оқу жылдары еліміз бойынша ЖОО меншігіндегі оқу ғимараттарының жалпы ауданы - 5 145 мың шаршы метр, оның ішінде тікелей оқу процесіне пайдаланылатын оқу-зертханалық үй-жайлардың ауданы 2 661 мың шаршы метрді құраған. Биылғы оқу жылының басындағы жағдай бойынша оқу-зертханалық алаңдардың ауданы 4,4%-ға өсіп 2 781 мың шаршы метрге жеткен. Осы кезеңде ЖОО студенттерінің жалпы саны 459 мың адамнан 592 мың адамға, яғни 30%-ға дерлік өсті», - дейді ол.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутаттың айтуынша, оқу процесіндегі орын тапшылығы жалға алынған алаңдар есебінен жабылуда. Егер 2015-2016 оқу жылында 145 мың шаршы метр үй-жай жалға алынған болса, бүгінгі таңда жалға алынған аудан көлемі 1 111 мың шаршы метрді құрап, 7,6 есеге өскен.
«Осы жерде айта кететін жайт, көп жағдайда жалға алынған үй-жайлар мемлекеттік білім беру стандарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. 2030 жылға дейін еліміз бойынша жоғары білім алушы студенттердің саны болжамды түрде 800 мың адамға дейін өсетінін ескерсек, оқу алаңдары көлемінің баяу өсу көрсеткіштері аудиториялар мен лабораториялар тапшылығына әкеп соғуы, тиісінше, бірінші кезекте оқу процесінің сапасына теріс әсерін тигізері анық. Осылайша, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын жақсарту, осы саладағы өзекті мәселенің біріне айналып отыр», - дейді Берік Бейсенғалив.
Депутат жекелеген өңірлерге де тоқталды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында биылғы оқу жылының басында жалпы оқу алаңдарының 100%-ы дерлік жалға алынған. Алматы қаласында 2015-2016 оқу жылдарында ЖОО студенттерінің саны 128 мыңнан, биылғы оқу жылында 186 мыңға дейін, яғни 45%-ға артқан. Осы кезеңде оқу алаңдарының жалпы ауданы 765 мың шаршы метрден 864 мың шаршы метрге дейін 12,8%-ға ғана өскен. Яғни, оқу алаңдарының өсу қарқыны студенттер санының өсуіне ілесе алмай тұр.
«Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) тетігін қолдануға болады деп санаймыз. Осы ретте, қазірдің өзінде студенттердің 55%-ы мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында оқитынын ескере отырып, бұл бастама тек мемлекеттік (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің немесе ведомстволық жоғары оқу орындарына) жоғары оқу орындарына ғана емес жекеменшіктерге де қатысты қолданылуы тиіс. Осы орайда, «Қаржы орталығы» АҚ-ның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану бойынша тәжірибесін меншік нысанына қарамастан ЖОО-ның жаңа оқу корпустарын салуда да пайдалануды ұсынамыз», - деді Берік Бейсенғалиев.