Биыл Қазақстан халықаралық ынтымақтастықта жаңа деңгейге көтерілетін жыл болмақ - Жастар рухының жетекшісі
Елімізде бірқатар ауқымды саяси жиындар өтеді
Биыл Қазақстан үшін халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін жыл болмақ. «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Искандерова елімізде биыл өтетін саяси маңызды кездесулерге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы ««Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында биылда елімізде бірқатар ауқымды саммит, форум өтетінін атап өтті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына және өзге де беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді.
«Дәл осы Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдері арасында жастардың байланысын нығайтып, ортақ мүдде үшін жұмыс істейтін Жастар кеңесі бар. Тиісінше, ШЫҰ Жастар кеңесіне «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты кіреді. Осындай ауқымы кең ұйымға төрағалық ету біз үшін үлкен жауапкершілік пен сенімді талап етеді», - деді Ақерке Искандерова.
2023 жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.
«Жоғарыда айтылған 4 бағытты негізге ала отырып Алматы облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагері өтті. Онда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан және Үндістаннан келген қонақтар, Жастар қанаты мүшелерінің қатысуымен 300 делегаттың басы қосылды. Ал, Беларусь республикасы бақылаушы тарап ретінде қатысты», - деді Ақерке Нұрғалиқызы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің жұмысы тек лагерьмен шектеліп қалмады. Ұйымға мүше елдермен жұмысты нығайту және экология, есірткімен күрес, цифрландыру, креативті индустрия бағыттарындағы мәселелерді қозғау мақсатында онлайн форматта кездесулерді өткізу жалғасын табады.
«XXI ғасырдың басты мәселесінің бірі – нашақорлықпен күресті қозғадық. Жастар қанатының Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық ету аясында өткен кездесуге Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің жетекшілері мен мүшелері, сондай-ақ нашақорлықпен күрес саласының сарапшы мамандары қатысты. Ал, 30 қаңтар күні жаһандық экология тақырыбын қозғап, әр елдің осы саладағы мамандарының пікірі мен ұсыныстарын тыңдау жоспарлануда», - деді маман.
Қазақстан атынан су тапшылығы, ауаның ластануы сынды бағытта жұмыс істеп жүрген танымал эколог мамандар қатысады. Оның айтуынша, уақытта креативті индустрия, цифрландыру тақырыптары шеңберінде жас сарапшылар, білікті мамандардың қатысумен кездесулер өтеді. ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдер арасында саяси-экономикалық байланысты күшейтіп, Қазақстан жастарының халықаралық аренадағы абыройын да арттыру көзделген. Сонымен қатар, Қазақстанның төрағалығы шеңберінде биыл жазда Мемлекет басшыларының біріккен отырысы өтеді. Отырыс аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесі Ұлттық бөліктерінің жетекшілерін жинап, іс-шаралар кешенін өткізбек.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде 3,5 миллиардқа жуық халық тұрса, олардың жартысы – жастар. Ал, Қазақстан ШЫҰ Жастар кеңесіне 2009 жылдан бастап мүшелік етеді. «Жастар Рухы» Жастар қанаты ШЫҰ Жастар кеңесімен қатар, Ислам ынтымақтастығы ыйымы Жастар Форумына (ICYF-ERC) мүшелік етеді. Атаулы ұйыммен ынтымақтастық аясында Жастар қанаты бірнеше нәтижелі іс-шара өткізді.
«Жақында ғана Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Жастар Форумының (ICYF-ERC) Басқарма мүшелерінің басын қосқан жиын өтті. Жиында әр елде өткен іс-шаралар қорытындыланып, ұйымның 2024 жылға жоспарлаған жобаларын талқыладық. Қазақстан тарапынан біз де әлеуметтік-мәдени жобаларға қатысты ұсыныстарды айттық. Одан бөлек, француз-әзірбайжан университетінің студенттерімен кездесуде болдық. Кездесуге қатысушылар Қазақстан, Пәкістан, Румыния және Татарстанның жастар саясаты мен сайлау науқаны кезеңіндегі қолданылған саяси технологиялар және іс-тәжірибелерімен танысты. Бірнеше сайлауалды науқанның қатысушысы әрі негізгі аудиториясы ретінде «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері атқарған жұмыстарды айттым. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында рухтастардың үгіт-насихат кезеңіндегі қолданған әдістерін, оффлайн және әлеуметтік желілердегі үгіт жұмыстарына да тоқталдым», - деді «Жастар Рухы» ЖҚ төрағаның міндетін атқарушы Ақерке Искандерова.
2021 жылы Түркістан облысындағы халықаралық жастар-саяси лагері, 2022 жылы Жамбыл облысында және былтыр Алматы қаласында өткен республикалық пікірсайыс турнирлеріне де Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар Форумы ұйытқы болды.