$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.04.2020, 17:57
Қоғам

ШҚО 850 млн, Қостанай 700 млн теңгеге «ИВЛ» алуға тендер жариялады

Өкпеге жасанды ауа жіберетін бір аппарат шамамен 10 млн теңге тұрады

ШҚО 850 млн, Қостанай 700 млн теңгеге «ИВЛ» алуға тендер жариялады

Коронавируспен күрес қанша тұрады деген сұрақ қазір кім-кімді де қызықтыруы мүмкін. Жасыратыны жоқ, қауіпті дертпен күреске мемлекет бюджеттен ақша аяп жатқан жоқ. Ол туралы ашық дерекөздерде ақпараттар да жеткілікті. Одан тыс, демеушілерден, өзге де қорларға түскен қаражаттан аурудың алдын алуға, азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктеріне деп ақшалай көмектер беріліп жатыр. Мемлекеттік ресурстарды пайдалану дағдарыс кезінде де ел назарынан тыс қалмауы тиіс. Коронавирус ауруына шалдығып, науқастың жағдайы нашарлағанда ең қажетті құрылғының бірі – өкпеге жасанды ауа жіберу (ӨЖАЖ) аппараттарымен қамтамасыз ету екені де айтылып отыр. Оның үстіне, әлем бойынша осы медициналық аппаратқа деген сұраныс күрт өсіп кетті.  

ӘЛЕМДЕ ҚОНДЫРҒЫҒА СҰРАНЫС 4 ЕСЕГЕ АРТҚАН

Ауызекі тілде сіз бен біз қолданып жүрген «ИВЛ» термині – орыс тіліндегі аппарат атауының аббревиатурасы, яғни «искусственная вентиляция легких» дегеннің қысқарған нұсқасы. Өздігінен дем ала алмай қалған адамның өкпесіне жасанды түрде жел жіберіп, тыныс алуын қалыпты ұстау үшін көмектесетін аппарат. Жасанды жолмен желдету аппараты өкпеге оттегі жіберіп, жиналып қалған сұйықтық пен көмірқышқыл газын сыртқа шығарып отырады. Науқасты мұндай желдеткішке дер кезінде қосса, тірі қалу ықтималдығы барынша артады.

ӨЖАЖ аппаратын өндіру бойынша әлемдегі көшбасшы Dragerwerk кәсіпорны қожайыны Штефан Дрэгер құрылғыға деген сұраныс әдетегіден төрт есе артқанын айтқан. Ол  Financial Times басылымына берген сұқбатында COVID-19 пандемиясы пайда болғалы әлем өндірісшілері аппаратқа қажетті бөлшектердің жетіспей жатуынан өнім көлемін ұлғайта алмай қалғанын мәлімдепті.

Әлемнің алып кәсіпорындары осындай дағдарысқа тап болғанда, мұндай ғажайып құрылғыны жасап шығармайтын Қазақстанда қиындықтар бар ма? Еліміз әлемдік пандемияның таралуы тұрғысынан шарықтау кезеңіне жеткен жоқ.  Десе де біз өкпеге жасанды ауа жіберу (ӨЖАЖ) аппараттарын қатерлі дертке орай жаппай сатып алу бойынша мәліметтерді ашық дереккөздерінен білуге тырыстық.

ҚАЗАҚСТАНДА 15 АДАМ АППАРАТ АРҚЫЛЫ ТЫНЫС АЛЫП ЖАТЫР

Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегінше, елде коронавирус жұқтырған 15 адам ӨЖАЖ көмегімен ем алып жатыр.  Олардың ішінде 8 инвазивті емес, 7 инвазивті аппарат қолданылып отыр делінген министрлік ақпаратында. Ал Алматы қаласында 2 науқас соңғы бірнеше тәуліктен бері өкпеге жасанды ауа жіберу құрылғысымен дем алып жатқаны белгілі болды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматыда 595 жұмыс жасап тұрған аппарат бар, ал жұмыс істемей тұрғандарын қазір жөндеп жатырмыз, егер ол құрылғыларды іске қосса, қаладағы барлық медициналық мекемелерде 600-ден астам өкпені жасанды жолмен желдету құрылғысы болады деді Azattyq Rýhy тілшісіне. 

Ресейлік және қазақстандық сайттардағы ақпараттарға қарағанда, құрылғы ашық саудада көптеп кездеседі. Кейбірінің бағасы қолжетімді. Қазақстан нарығындағы ең ірі сауда алаңдарының бірі Satu.kz сайтында ӨЖАЖ аппаратының түр-түрі сатылып жатыр. Құрылғының бағасы 9 млн 850 мың теңгеден басталады.

Кейбір хабарландыруларда бағасын білу үшін көрсетілген телефон номеріне хабарласуға болады. Бұл аппаратты жарақтандыру бөлшектерін бөлек-бөлек саудалайтын хабарландырулар да өте көп. Аталған сайтағы өкпеге жасанды жолмен жел беру құрылғысының ең арзаны  270  мың теңгеге бағаланыпты.

ОБЛЫСТАР 1 МАМЫРҒА ДЕЙІН «ИВЛ» АЛАДЫ 

Төтенше жағдай кезінде Қазақстанда 2,3 млрд теңгеге 143 аппараты сатып алынған деген ақпаратты ашық дереккөздерден алдық. Мемлекеттік сатып алу порталында Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Ақмола облысы бойынша коронавирус қарсаңында, яғни ақпан-мамыр айлары аралығында жарияланған және ұтып алған компаниялар мен шығындалған қаражаттар туралы деректер кездеседі. Ал Түркістан облысы мен Атырау облысы бойынша былтырғы жылдың деректері табылды. 

Шығыс Қазақстан облысының барлық ауруханаларын, тіпті аудандық деңгейдегі орталық ауруханаларға да ӨЖАЖ аппараттарын жеткізіп беріп отырған жалғыз компания көзге ілінді. «Медико-инновационные Технологии» ЖШС арқылы аймаққа биыл 50-ден астам қондырғы сатып алынған. Мемлекеттік сатып алу сайтына үңілгенде 850 млн теңгеге барлығы 29 келісімшарт жасалғаны белгілі болды.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сатып алынатын тауарлар (көрсетілетін қызметтердің, жұмыстардың) тізімінде барлығы 7 аппарат алынғаны белгілі болды. Порталда бұл аймақта негізінен екі компания осы қондырғыларды тендер арқылы ұтып алып отырған. «QazMed Leasing» ЖШС 125 млн теңгеге,  «ZEN INVEST» ЖШС  38 млн теңгеге қондырғыны жаткізіп беру үшін келісімшартқа отырған.

Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша Қостанай облысында Қостанай облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Қостанай облыстық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Бас дәрігер Моисеев Юрий Сергеевич атынан бір тараптан және бұдан әрі «Өнім беруші» деп аталатын «QazMed Leasing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екінші тараптан қол қойған. Айтпақшы бұл өңірде де ӨЖАЖ аппараттары СҚО-мен жұмыс істейтін аталынатын «QazMed Leasing» ЖШС жеткізіп беруге келіскен. Қостанай облыстық ауруханасы 720 млн теңгеге 40 аппарат алған.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық клиникалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны директоры Абеуов Марат Ертайұлы «Қасиет-Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тиісті келісімшартқа қол қойған. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы сатып алынатын тауарлар (көрсетілетін қызметтер, жұмыстардың) тізімінде тараптар 399 млн теңгеге 36 аппарат сатып алуға келіскен. Айта кету керек, Қарағанды облысы қазір COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша алғашқы орындардың бірінде келеді. Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылордадан кейін 57 науқаспен төртінші орында тұр. 

«Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі өнім беруші  «SanMed Plus» (Бас директор Емберген Батырлан Абдоллаұлы) компаниясымен шарт жасаған. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органның төтенше резерві есебінен іс-шаралар өткізу бюджеттік бағдарламасы аясында машиналар, жабдықтар, өндірістік және шаруашылық мүккамал құралдарын сатып алу ерекшелігі бойынша - 125 млн теңгеге келісім шартқа қол қойылған. Тауар 30 жұмыс күні ішінде жеткізілуі керек.

Айта кету керек, елде өкпені жасанды жолмен желдету аппараттарын тегін жеткізу бойынша да бірнеше бастамалар қолға алынған. Биыл 26 наурызда «Қазақстан инжиниринг» ҰК коронавирусқа қарсы Үкімет қабылдап жатқан шаралар аясында Денсаулық сақтау министрлігіне өкпені жасанды желдетуге арналған 180 аппарат жинағын тегін беруге әзір деп хабарлаған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл аппараттар компанияның еншілес кәсіпорнында, яғни Қазақстанда жасалған. «Көкшетау-4» деп аталатын жаңа үлгідегі қондырғылар  2019 жылы шығарылған.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматы қаласы әкімдігінің сұранысымен коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында, сегіз заманауи Ford Tranzit жедел жәрдем көлігін сатып алды. Олардың ішіне өкпені жасанды инвазивті және инвазивті емес желдететін аппарат,  оттекті ингалятор қойылған.

Ақпарат үшін:  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов соңғы рет өткізген брифингте жедел жәрдемде, аудандық ауруханаларда, ірі медицина ұйымдарында өкпені жасанды желдететін 3 мыңға жуық аппарат бар деп мәлімдеді. Оның 167-сі инфекциялық ауруханаларда орналасқан.  Министрлік 270 құрылғы сатып алу үшін тендер өткізгені белгілі болды. Оларды өнім берушілер сәуір айында мемлекетке тапсыруы керек. Министрдің айтуынша, демеушілердің көмегімен сатып алынған отандық 180 жылжымалы аппарат та жақын күндері республикалық медицина мекемелеріне беріледі.

Елжан Біртанов коранивирус бойынша жұқтыратындар ықтималдығы артқан жағдайда ӨЖАЖ аппаратын науқастардың 5 пайызы ғана қолдануы мүмін деген болжамын да айтқан еді. Бұл шамамен, 200 адам.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары