Қарағанды облысында ауыл тұрғындары жарыққа жарымай отыр
Ауылды электр тогымен қамтитын компанияның күрделі жөндеуді мардытпай жүргеніне біраз уақыт болған
Қарағанды облысы Абай ауданындағы Ақбастау ауылының тұрғындары сығырайған жарықтан әбден мезі болған. Тоқ қайта-қайта сөне береді. Тіпті иен далада үзілген электр сымдарын қосуға тұрғындар ат-көлік іздеп тауып өздері барады екен. Жылдар бойы жергілікті монополист пен әкімдіктердің табалдырығын тоздырғанмен мәселелері шешілмей келеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақбастау ауылының 6 жүзден астам тұрғыны айына бірнеше күн қараңғы құшағында қалады. Ток күшінің тұрақсыздығынан тұрмыстық техникалар жаппай істен шығып жатыр.
Ақбастау ауылына ток әкелетін ағаш діңгектер мен электр сымдары иен далада орналасқан. Оның үстіне 60 жыл бойы ауыстырылмаған. Салдарынан қарлы боранды былай қойғанда қарапайым жел мен жаңбырдың өзін көтере алмайды. Ал ауылда жарық кетсе онымен бірге су да, байланыс та үзіледі екен.
Шарасыз жұрттың шамасы жеткендері арзандау генератор сатып алған. Алайда оның өзі жеткіліксіз.
«Арзандары үйдің құрылғыларын тартуға қуаттылығы жетпейді. Қуаттылығы жақсылары ол 100 мыңнан жоғарылары ғана жақсы. Міне, жаңа көргендеріңіздей жаңағы жібі үзіледі, бензин де қымбат», - дейді ауыл тұрғыны Саяхат Байқатов.
Мәселе даладағы 15 шақырым электр сымын ауыстырса шешілер еді. Алайда ауылды электр тогымен қамтитын «Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясы» жылда қаржы тапшылығын айтып күрделі жөндеуді мардытпай отыр.
«Нақты қайта-қайта үзілетін ең осал жерлер алдағы уақытта жазда жөндеу жүргіземіз деп ойлаймын. Бүгінгі күнде осындай КРЭК ЖШС- іне жаңағы 3 участоктің жоқ дегенде екеуін істеу жөнінде ұсынысымызды айтпақшымыз», - дейді Ақбастау ауылының әкімі Рымбек Тұяқбаев.
Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясының басшысы алдымен ауыл ішіндегі сымдар мен 4 қосалқы бекетті жөндеу жоспары барын жеткізді.
«4 КПП-ні жөндемей соған арналған ақшаны біз 35 киливаттық линияға бұруымызға болады. Оның бәрін біз мемлекеттік органдармен келістіруіміз керек. Жөндеу жұмыстары бізде сәуір, мамыр айында басталады. Соған дейін біз анализ жасап егер мемлекеттік органдар рұқсат берсе біз ақшаны соған бұруға тырысамыз», - деді «Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясы» ЖШС жетекшісі Нұржан Ежебаев.
Ақбастаулықтар ауылды көркейтіп, дамытқысы келеді. Тек ол үшін қарапайым жарық, су мен байланысты реттеуді сұрайды. Онсыз елдімекенге медбике, мұғалім, тіпті автобус жүргізушісі де тұрақтамай отыр.