Тараздағы блок-бекеттерді атты әскерлер күзетіп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Тараз қаласына арнайы дайындықтан өткен отыз жылқы жіберілді

фотолар: zhambyl.gov.kz

Тараз қаласының айналасындағы блок-бекеттердің жұмысы атты әскери патрульмен күшейтілді. Жауынгерлік кезекшілікке «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тау-қорық бөлімшесінің әскери қызметшілері (астындағы жылқысымен) көмекке келді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Таразда карантин режимі енгізілгеннен кейін, қалаға кіруге рұқсат алмаған автокөлік иелері төте жолдарды, әсіресе елдімекендер арқылы айналып өтуге тырысып жатыр екен. Осы мақсатта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімі Таразға атты патрулін жіберді. Бұл Қазақстан Қарулы күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқылармен қамтылған жалғыз бөлімше.

Тау-кен-қорықшы бөлімінің орналасқан пунктен Тараз қаласына отыз жылқы бөлінген. Жылқыны күтіп ұстау үшін Тараз гарнизонының әскери бөлімдері базаларының бірінде қора салынып, жем-шөп жеткізу мәселесі шешілді.

91678 әскери бөлімінің командирі майор Еркін Жоламанов атап өткендей, Тараз маңындағы блок-бекеттер аумағында жауынгерлік кезекшілік жұмыстарын атқару үшін бөлімнен ең үздік және барынша дайындалған әскери қызметшілер мен жылқылар жіберілген.

«Біздің жылқылар оқытылып, дайындықтан өтіп отырады. Олар бұйрықты түсінеді, у-шудан қорықпайды. Олармен машина өте алмайтын кез-келген жерлерде патрульдеуге болады», - дейді Тау-кен-егерлік ротасының командирі, Тараздағы ат патрульдерінің жұмысын басқарып жүрген аға лейтенант Бекдаир Төлегенов.

Аталған бөлім әскери қызметшілері өткен жылы Моңғолияда өткен «АрМИ-2019» әскери халықаралық ойындарында «ат марафоны» байқауында жүлделі екінші орын алған.

«Ат патрулінен басқа, Таразда жеті блок-бекеттің әрқайсысында ішкі істер органдарының өкілдеріне көмек ретінде бір топ әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ біздің әскери қызметшілер әскери полициямен бірге қала ішінде жаяу тәртіп сақшысы міндеттерін де атқаруда. Жеке жұмыс фронты – көшелерді дезинфекциялаумен айналысуда. Бұл жұмыс Қазақстанның барлық оңтүстік аймағы бойынша жүргізілуде», – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов.