Марқакөл қорығын ұлттық паркке айналдыру туризмді дамытады – депутат

Ұлықбек Тұмашиновтың пікірінше, бұл өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек

Марқакөл қорығын ұлттық паркке айналдыру туризмді дамытады – депутат
Фото: egemen.kz

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандары құрылды. Мәжіліс отырысында депутат Ұлықбек Тұмашинов «Марқакөл қорығының» статусын «Марқакөл ұлттық паркіне» өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жаңадан құрылған аудандарға ерекше көңіл бөлу керек екені бәрімізге мәлім. Халықпен кездесу кезінде сайлаушыларымыздың сұрауы бойынша өңірдің экономикасын, туризмді дамыту мақсатында, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, қосымша табыс табу және осы ауданның байырғы тұрғындарының өз өлкесіне қайтып оралуына қызығушылық тудыру үшін «Марқакөл қорығының» статусын өзгертіп, «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде  қарастыру қажет. Бұл дегеніміз, осы өлкенің ертең Қазақстан елінің інжу-маржанына айналуына қосылған үлкен үлесі болар еді», - деді Ұлықбек Тұмашинов.

Аталған Марқакөл ауданының аймағында «Марқакөл қорығы» орналасқан. Бұл қорық Кеңес Одағының кезінде құрылған. Бүгінде «Қатон-Қарағай» және «Тарбағатай» ұлттық парктерімен көршілес орналасқан. Қорық болу себебінен, заңмен туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынған.

«Тәжірибе көрсеткендей, Ұлттық парк статусы ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін арттырып, туристердің санын көбейтіп, ауданға өте қажет кіші бизнесті дамытуға жан-жақты мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясы шекаралық аудандарды дамытудың жүйелі тетіктерін жасау қажет деп есептейді! Үкімет жанынан құзырлы министрлік өкілдері санатынан, Мәжіліс депутаттарымен бірге осы мәселе жөнінде топ құрып, шешу тетіктерін қарастыру қажет», - деді депутат.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.