$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.01.2024, 17:11
Қоғам

Шаруаларға ауадай қажет субсидиялау механизмі өте баяу жүргізіледі - Казанцев

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында егістікке қажетті тұқымның аздығы ең өзекті мәселеге айналып отыр

Шаруаларға ауадай қажет субсидиялау механизмі өте баяу жүргізіледі - Казанцев
Фото «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

«AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің және партиялық бақылау комитетінің бірлескен отырысы кезінде 2024 жылғы егіс науқанына дайындық шаралары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тұтастай алғанда мемлекет егіс науқанына дайындыққа қатысты барлық мәселелер кешенін шешіп жатқанын білеміз. Десе де, шаруалар жиі атап өтетін келелі мәселелердің қатарында егіс алқаптарының жалпы қысқаруы, агротехнологиялардың тозуы, азық-түлік бағасының өсуі, ауыл тұрғындары әлеуметтік жағдайын атауға болады. Алдағы егіс науқаны туралы мәселені қаңтардың ортасында көтеріп отырғанымыз бекер емес. Ендігі жерде туындайтын, сондай-ақ болашақта туындауы мүмкін проблемалық мәселелерді ашып, оларды шешу үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажет. Бұл ретте жан-жақты әрекет ету маңызды», - дейді «АМАНАТ» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Оның айтуынша, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүйелі мәселелерді шешу алгоритмін әзірлеу ғана емес, сонымен қатар нақты аймаққа немесе ауданға ғана тән өте нақты мәселелерді тікелей жер-жерлерде шешу керек.

«Бұл саладағы жағдаймен жер-жерде танысу мақсатында өткен аптада партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында болды. Атап айтқанда, Қазақстан астық одағының ұсынысы бойынша жұмыс тобының мүшелері «Атамекен Агро» холдингінің бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарын аралады. Біз анықтаған көптеген мәселелер бүгін айтылды. Мен тек кейбіреулеріне назар аударамын. Әрине, қазіргі кезде жедел шешуді талап ететін өзекті мәселелердің бірі – егістікке қажетті тұқымның аздығы. Бұл факт көктемде шағын шаруа қожалықтары тұқым тапшылығын сезініп, кейбір аймақтарда егіс жұмыстарының тоқтауына әкелуі мүмкін», - дейді депутат.

Сонымен қатар, оның айтуынша, былтыр егіннің дұрыс шықпауы салдарынан туындаған тағы бір үлкен мәселе – көптеген шаруалар үлкен шығынға ұшырап, қазірдің өзінде жеткізілген тауарлар мен қызметтерді төлей алмай қалады. Оларға қазір қаражат керек, гранттар мен субсидиялар керек. Осы ретте, шаруалар субсидия алуға өтініш берген кезде қиындықтарға тап болады.

«Субсидиялау механизмі әлі де өте баяу. Көбінесе кешігулер болады және жүйенің өзі елеулі жақсартуларды талап етеді. Әсіресе, бірінші кезекте субсидияны аса қажет ететін орта және шағын шаруашылықтардың жағдайына назар аудару керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердегі әріптестеріміз бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Осы мәселе бойынша шаруалардың өтініші негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныстарды мәжілісіміздің хаттамасының жобасына енгізетін боламыз. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар беру порталында фермерлерге өтінімдерді толтыруға көмектесу үшін белсенді әрі кеңінен ақпараттық жұмыс жүргізуі керек», - дейді Казанцев.

Бұған қоса, ол өз сөзінде, бұл мәселеге партия құрылымдарын да тартуға болады, яғни, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы біздің саяси менеджмент мектебінің базасында ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

«Сонымен қатар, қаражатты бөлу мерзімінде мәселе бар. Әдетте олар ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне көктемнің аяғында, көктемгі барлық жұмыстар жүргізіліп болған кезде ғана жетеді. Бұл жағдай қаражаттан қысылған фермерлерді несие алуға итермелейді», - дейді Партиялық бақылау комитетінің төрағасы.

Серіктес жаңалықтары