$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды»: Смайылов әкімдіктерге тапсырма берді

Ол электр компанияларының желісін үйлестіру керек екенін айтты

«Дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды»: Смайылов әкімдіктерге тапсырма берді
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов 2020 жылы гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала. Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс. Қазірдің өзінде біздің елімізде электр энергиясының тапшылығы болып жатыр. Энергия көздерінің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс облыстардың газ қуатын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Солтүстік және оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де Бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау   жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда. Олар 2025-2026-шы жылдары аяқталады. 2030-шы жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты   стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады», - деді ол.

Смайылов атағандай, 2035-шы жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне   шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр.

«Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай   оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі ұсынған Электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қолдаймыз», - деді Үкімет басшысы.

Министр атағандай, 2020  жылы  Гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Алайда  өткен жылдары экологиялық күн тәртібі өзгерді, су ресурстарының тапшылығы арта түсуде. Энергетика министрлігі Су ресурстары министрлігімен бірлесіп наурыздың соңына дейін   Гидроэнергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарын қабылдауы қажет. Бұрын басталған  ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің Үшінші энергия блогын салу жұмыстары. Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» компаниясы   осы жылы Екібастұз ГРЭС-1-де Бірінші энергия блогын қалпына келтіруді қамтамасыз етуі керек. Батыс энергетика аймағын  Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі   шешімін таппай отыр», - деді ол.

Смайылов атағандай, сондықтан «KEGOС» компаниясы биыл «Ақтөбе-Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастауы керек.

«Бүгінде Энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпанның соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажет. Әкімдіктер өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалды. Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсанда еліміздің солтүстік өңірдерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар   өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары