$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек - Қасым-Жомарт Тоқаев

Алматыда саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас берілді

Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек - Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: voxpopuli

Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас беріліп, Құран бағышталды. Аста сөз сөйлеген Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Хатта Президент ел үшін аянбай еңбек еткен азаматқа туған өлкесінде ескерткіш орнату туралы айтқан. 

«Құрметті қауым! Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – делінген хатта.

Асқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері келіп, көптің алдында сөз сөйледі.

Еске салайық, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов осыдан 19 жыл бұрын өмірден өтті. Саясаткер 2005 жылдың 12 қарашасында кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. Танымал тұлғаның аянышты өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Ол сол кезде Қазақстанның бірінші президентінің саясатын қатты сынап жүрді. Ресми тергеу органдары саясаткер «өзін-өзі үш рет атқан» деген қорытынды жасаған. Алайда қоғам, сол кездегі оппозиция өкілдері Заманбек Нұрқаділов қастандықтың құрбаны болды деп санады. 

Серіктес жаңалықтары