Коронавирус жұқтырған дәрігер аурухананың басшыларын айыптап, мәлімдеме жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Біртанов тексеріс жүргізуге тапсырма берді

Қауіпті вирус жұқтырған жамбылдық дәрігердің мәлімдемесіне министр араласты. Меркі аудандық ауруханасының дәрігер-инфекционисі Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіге жариялаған мәлімдемесінде аурухана басшыларын айыптаған. Оның айтуынша, ол емдеу мекемесі басшылығының немқұрайлы әрекетінен дертке шалдыққан, деп хабарлайды КТК.

«Тараздағы инфекциялық стационарда короновирустан емделіп жатырмын. Маған қауіпті кесел карантинде жатқан науқастардан жұққан. Орталық аурухана әкімшілігі қысым көрсетіп, медициналық бетпердені өзімізге тіктірді. Ал жұмыстан бетперде мен басқа да қорғану құралы берілмеді», - деп шағымданды індетке шалдықан дәрігер.

Артық сағат жұмыс істеу иммунитетті төмендетіп, ол да жығылғанға жұдырық болыпты. Ал ең сорақысы, карантиндегі науқастарға «қосымша тексеріс жасалмай, үйлеріне жіберілген» дейді. Тіпті вирус жұқтырған басқа әріптесімен бірге жатқызыпты. Өйткені бөлек бөлме берілмеген. Және ол аймақта вирус жұқтырған дәрігерлер саны жасырылған деп есептейді. Толқынай Ордабаева вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек пен ақ халаттыларға берілетін сыйақы қайда деген де мәселе көтерген. Үлкен талқыға түскен бұл жазбадағы жайттарға қатысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тексеріс жүргізуге тапсырма берді. Және жеке бақылауына алатынын хабарлады. Ал Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметкерінің айтқанын уәжін теріске шығарып отыр, дегенмен ішкі тексеріс басталған.

«Ол кісі елді бекерге дүрліктіріп жатыр ма? Енді солай болып тұр ғой. Аяғына дейін түсінбегендіктен болып отырған шығар деп ойлаймын. Әрине, ол кісіні түсінуге болады, ол кісі стресте қазір. Әрине, мен ол кісіге тезірек емделіп кетуге тілектеспін», - дейді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.