$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.01.2024, 00:35
Қоғам

Ақтөбедегі ат спорты мектебіне жылқы алған кәсіпкерді аудиторлар сотқа берді

Тексерушілер тендер шартын орындамаған бизнесмен ақшаны да кері қайтарсын деп отыр

Ақтөбедегі ат спорты мектебіне жылқы алған кәсіпкерді аудиторлар сотқа берді
Фото: shutterstock.com

Ақтөбедегі ат спорты мектебінің көкпаршыларына жылқы алған кәсіпкерді мемлекеттік аудиторлар сотқа берді. Тендер ұтып алған бизнесмен қазына қаржысына асыл тұқымды ат емес, қарапайым жылқы сатып алған. Сондықтан одан мемлекет ақшасын кері қайтаруды талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 Балаларды ат спортына баулуға тиіс мектептің айналысында дау бір жылдан бері басылмай тұр. Қазір білім ошағындағы тендерлерге қатысты сотқа төрт арыз түскен. Көкпаршыларға былтыр 13 жылқы сатып алынған. Барлығы — бесті айғырлар. Оған бюджеттен 35 миллион теңге бөлініпті. Тендер жарияларда жылқының асыл тұқымды болуы шарт екені анық көрсетілген. Бірақ сатып алар кезде ат спорты мектебінің басшылары жануардың тұқымына мүлдем мән бермеген. Оны сатқан кәсіпкер жабы емес, мініске жарамды жылқы алдым деп ақталып сотқа шағымданғанымен, арызын кері қайтарыпты. Енді тексерушілер тендер шартын орындамаған бизнесмен ақшаны да кері қайтарсын деп отыр.

Мектеп басшысын әкімшілік жазаға тартуды соттан талап етпекші. Бірақ директор қызметінен бас тартып, қазір тек жаттықтырушы болып істеп жүр. Ең қызығы, спорт мектебіндегі жылқылардың жем-шөбін жеткізуге тендерді бірнеше жылдан бері сол білім ошағы есепшісінің анасы жеңіп келген. Ол 75 миллион теңгеге жуық қаражатқа 26 рет келісімшарт жасасыпты.

 «Сот органдарына айтылған сумманы 35 миллион 298 мың теңгені бюджетке өндіру жөнінде біздің департаментпен талап арыз жолданды. Талап арыз қазір қаралу үстінде. Осы талап арыз қарап болғаннан кейін, жаңағы 462-бап бойынша әкімшілік іс қаралатын болады», - деді Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.

Серіктес жаңалықтары