Олар халыққа мәселені түсіндіруді жөн көрген
Әнші Рахат Тұрлыханов пен оның жұбайы Алтынай Instagram-дағы парақшасы арқылы халыққа видео-үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Баршаңызға қайырлы күн! Әйелім екеуміз отбасымызға қатысты соңғы жаңалықтарға түсініктеме беруді шештік», - деді Тұрлыханов.
Әншінің әйелі Алтынай олардың отбасында барлығы жақсы екенін айтты.
«Өзім түсініктеме беруді жөн санадым. Рахат екеуміздің арамызда бәрі жақсы. Рахат - аяулы жар, сүйікті әке, мейірімді адам. Отбасымызда ұрыс-керістің болғаны рас. Басқа отбасылардағыдай бізде де түсінпеушілік болып тұрады. БАҚ өкілдері істің байыбына бармай, оны жаман жағынан көрсетіп, жаңалық таратып жатыр. Сіздердің алаңдаушылық білдіріп отырғандарыңызды түсініп отырмыз. Бірақ уайымдауға себеп жоқ. Бізде барлығы жақсы. Баршаңызға қайырлы күн тіледім», - деді әншінің жұбайы Алтынай.
Еске салсақ, жақында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарастырған болатын. Сот барысында әнші кінәсін толық мойындаған. Өз ісіне өкінетінін айтқан ол екі тараптың келісімге келгенін алға тартып, істің тергелуін тоқтатуды сұраған. Дегенмен сот оған ескерту түрінде жаза кесті.