Тележүргізуші оларды Нью-Йорктің орталық саябағында тігілген шатырлармен салыстырды
«Россия-1» телеарнасының тікелей эфирінде белгілі тележүргізуші Андрей Малахов Қазақстандағы әскери госпитальді мақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Коронавирус инфекциясына қарсы күреске арналған бағдарламада Малахов Қазақстандағы далалық госпитальге тоқталып, оны Нью-Йорктің орталық саябағында тігілген шатырлармен салыстырды.
«АҚШ және ондағы шатырлар. Ал мынау міне, Алматы. Қараңыздар. Госпиталь. Бәрі рет-ретімен құрылған, іші де керемет. Госпитальді 5 күнде жинап шыққан. Ал медицинасы дамыған, тіс дәрігері, пластикалық хирургиясы керемет дейтін Американың түрі мынау», - деді Қазақстандағы әскери госпитальді үлгі еткен Андрей Малахов.
Айта кетейк, әскери госпиталь Малахов айтқандай 5 күнде емес, 72 сағатта құрылды. Америкада бүгінге дейін 11 мыңнан астам адам коронавирустан көз жұмды. Олардың тең жартысы Нью-Йорк қаласының тұрғындары. Онда ауруханаға сыймаған науқастарды саябақтарда тігілген шатырларға жатқызу туралы шешім қабылданған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы