Саяжай учаскелері карантин аяқталғанша тәртіп сақшыларының бақылауында болады
Петропавл қаласында саяжай қоғамдастықтарындағы тәртіпті қадағалауға салт атты полицейлер кірісті. Олар көлік жүре алмайтын аумақтарды бақылайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салт атты сақшылар ең ірі Новопавловка және Заречное саяжайларын қамтиды. Олар ең алдымен бағбандар қоғамдастығының төрағаларымен, күзетшілерімен байланыс орнатып, учаскелердегі жағдаймен танысады.
«Біз төтенше жағдай режимінің ережелерін саяжай қоғамдастықтарының төрағаларына түсіндіреміз. Азаматтар денсаулықтарын сақтап, өздерін оқшаулауы тиіс. Пандемия кезеңінде бір жерде үш адамнан артық жиналмау, екі метрдей арақашықтықты сақтау қажет екенін еске саламыз. СҚО Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, үйден тек жұмысқа, жақын маңдағы дүкен мен дәріханаға шығуға, сондай-ақ қоқыс шығаруға болады. Саяжайлар бұл тізімге кірмейді. Сондықтан басыңызды қатерге тігіп, тәуекелге барудың қажеті жоқ», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасының ЖПҚБ құрамындағы кавалерия взводының командирі, полиция старшинасы Жақсылық Қожелдақов.
Салт атты сақшылар 17 саяжай қауымдастығының аумағын күзетеді. Қазір Солтүстік Қазақстанда су тасқыны қаупі де өршіп тұр. Төтенше жағдай саяжай учаскелеріне де қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, күзетшілер үнемі сақ жүруі тиіс.
Елімізде төтенше жағдай режимі жариялануына байланысты саяжай жұмысының ашылу маусымы кейінге шегерілді. Саяжай учаскелері карантин аяқталғанша тәртіп сақшыларының бақылауында болады. Бұл шара саяжай аумақтарында әсіресе көктем мезгілінде жиілеп кететін ұрлық фактілерінің алдын-алуға бағытталған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО