$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Екпені әдейі салғызбай отырғандар бар»: Әлихан Смайылов ата-аналардың әрекетін сынады

Қызылша бойынша соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш тіркелген

«Екпені әдейі салғызбай отырғандар бар»: Әлихан Смайылов ата-аналардың әрекетін сынады
Фото: kz.kursiv.media

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов балаларына қызылшаға қарсы екпе алдырмай отырғандарды сынап, жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жұқпалы ауруларды азайту шаралары Үкіметте бірнеше рет қаралды. Жалпы мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен (оба, дифтерия, тырысқақ, сіреспе және т.б.) ауырған науқастар  тіркелген жоқ. Кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіштер төмендеді. Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркеліп отыр.

«Өкінішке қарай ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес. Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Сондықтан  жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару керек», - деді Үкімет басшысы.

Осыған орай Әлихан Смайылов бірқатар тапсырма берді.

«Әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, жалпы басқа да профилактикалық екпелермен   вакциналауды жандандыру қажет. Жоспарлы екпе алмағандарға ерекше назар аударылуы тиіс. Бұл ретте, жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек. Жалпы, әкімдер вакциналау мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әсіресе ауылдық жерлерге жеткізу кезінде   вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың тиісті режимін қамтамасыз етуі қажет. Бұл мәселе бойынша медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру керек», - деді ол.

Смайылов атағандай, Денсаулық сақтау және Ақпарат министрліктері бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде вакцинопрофилактика бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

«Баспасөзде және әлеуметтік желілерде вакцинацияға қатысты әдейі жалған ақпараттың таралуына мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу керек. Учаскелік деңгейдегі медицина қызметкерлері ата-аналарға профилактикалық екпенің балалар үшін маңыздылығы мен   қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары