Сарапшы: Референдум – атом энергетикасының болашағы жайлы диалог

Автор: Сымбат Ғалымжан

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Президент сұхбатына қатысты пікір білдірді

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Әділқызы Акесина Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында айтылған елімізде атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Референдум – азаматтардың шешім қабылдауға қатысу нысаны ретінде азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының маңызды тетігі. Қоғам үшін принципті мәселелер бойынша дауыс беру қазіргі қазақстандық қоғамның саяси мәдениетінің ажырамас бөлігі болуға тиіс», - деді Айдана Әділқызы.

Спикер тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда үш республикалық референдум өткенін еске салды.

«Екеуі 1995 жылы – президенттік мерзімді ұзарту бойынша, содан кейін сол жылы жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткізілді. 2022 жылы өткен соңғы ауқымды конституциялық түзетулер референдумы осы сайлау дәстүрін қайта бастады.

АЭС салу референдумы азаматтарға өз шешімін қабылдауға көмектесе алады, бұл әсіресе ықтимал тәуекелдер мен қоршаған ортаға әсер ететін технологиялар жағдайында өте маңызды. Сонымен қатар электр энергиясының тапшылығы проблемасы және көмір электр станцияларының экологиялық зиянын азайту – еліміздің тіршілігі мен экономикасының өзекті мәселелері. Энергетика саласындағы «жасыл» технологияларды дамыту орнықты даму бағытындағы маңызды қадам болуы мүмкін. Бұл – талданатын және өлшенетін негізгі аспектілер», - дейді Айдана Акесинач

Мұндай референдумдарды өткізу азаматтар үшін мұқият дайындықты және объективті ақпаратты қамтамасыз етуді талап етеді.

«Бүгінгі таңда қоғамда атом электр станциясын салу қажеттілігі туралы нақты пікір қалыптасқан жоқ. Бұрын DEMOSCOPE бюросы жүргізген зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 36,8%-ы АЭС салу жоспарлары туралы ештеңе білмеген және естімеген. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (46,6%) бұл бастаманы қолдады. Ал 37,7% -ы керісінше пікір айтады. Осылайша, осы кезеңде жобаның барлық артықшылығы мен кемшіліктері туралы азаматтарды жан-жақты хабардар ету маңызды болмақ.

Шешім қабылдау процесіне барынша ашықтық пен қатысуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтар, экологиялық сарапшылар және энергетика саласының өкілдері арасында белсенді өзара іс-қимыл жасау үшін кеңістік құру маңызды. Бұл диалог мемлекеттік-қоғамдық ынтымақтастықтың оң прецеденті бола алады», -деп баға берді маман.