$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосарланған билік туралы алыпқашпа әңгіменің нүктесі қойылды – депутат

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы Президент сұхбатына қатысты пікір білдірді

Қосарланған билік туралы алыпқашпа әңгіменің нүктесі қойылды – депутат
Фото: Есенжол Исабек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» атты сұхбаты «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы сұхбатта көптің көкейінде жүрген сан сауалға салмақты жауап берілгенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған кешегі Қаңтар оқиғасы сынды алмағайып шақта ел тізгінін ұстаудың жауапкершілігі мен қиындығы қаншалық екенін ұғынасың. Ел кімге сенерін, кімге ерерін білмей теңселген тұста әрбір қабылданған шешім, үлкен тәуекел болғанын жеткізген екен.

Сондай-ақ еліміздегі қосарланған билік туралы алыпқашпа әңгіменің де нүктесін анық қойылған. Шынымен елге уайым болған жайдың бірі де осы еді.

Президент «Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» деді. Яғни, бұл бүгін ғана емес, ертең билік басына келер буынға да сабақ деп түйіндеген.

Қалай дегенмен де, осы бір «тар жол, тайғақ кешуден» соң жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру оңайға соқпағаны анық. Уақыт пен қоғамның талабынан туған тың қадамдар ел еңсесін қайта тіктеуге бағытталды. Сұхбаттан бұл тақырып та терең көрініс тапқан. Тәртіп пен Заң үстемдігін сақтай отырып қана біз жаңа даму кезеңіне, әділетті қоғам құруға қадам басатынымыз тілге тиек болады», - деп жазды депутат Facebook-парақшасында.

Еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік, АЭС салу мәселесі жайлы да Мемлекет басшысы ұстанымын айқындап, саланың алдағы  даму бағытын ашып көрсеткен.

Тағы бір терең қаузалған тақырып – халықаралық саясат.

«Иә, соңғы бір-екі жылда Қазақстанның сырты саясаттағы байланыстары жаңа деңгейге шыққаны жасырын емес. Әлемдік геосаясат құбылып тұрған шақта өзге елдермен тиімді әрі маңызды байланыстар орнатудың мәні зор.

Бұл ретте, «Әлем Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Көрші елдермен қарым-қатынасымыз артып келе жатқаны рас. Әсіресе, көршілес елдермен байлыстың тереңдей түсуі өзекті. Қазақстан мен Қытай халық республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланысының орны турасында да жан-жақты ой толғаған.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде біздің қоғам үшін өзекті болып тұрған барлық жағдай толық қамтылған, келелі де көлемді сұхбат болды», - деген депутат көзіқарақты қауымды мазмұнды сұхбатты толық оқып шығуға шақырған.

Серіктес жаңалықтары