Енді кез келген азамат қосымша арқылы карантин кезінде жүруге рұқсаты бар-жоғын біле алады
Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Алматы қалалық Полиция департаменті E-Polisia KZ қосымшасын дайындап, бүгіннен бастап іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі кезеңдегі оның ең маңызды артықшылығы - КВИ-мен күресу жөніндегі Жедел штабтың арнайы мәліметтер базасында ЖСН бойынша және көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірінің болуын тексеру. Енді кез келген азамат өзінің мобильді құрылғысын пайдаланып, қосымшаны жүктеп алып, оның осы дерекқорда бар-жоғын және сәйкесінше, қалада карантин кезеңінде жүруге рұқсаты бар-жоғын біле алады. Демек, біздің Call-орталыққа, 254-40-07 телефонына қоңырау шалудың қажеті болмайды», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ, осы қосымшаның көмегімен сіз онлайн режимінде полицияға өтініш, шағым, сигнал бере аласыз, сонымен қатар, короновирус туралы тиісті ақпаратпен таныса аласыз.
«Бүгінгі таңда азаматтарды жоғарыда аталған тақырып қызықтырады, сондықтан «Жиі қойылатын сұрақтар» айдары аталған тақырыпқа бейімделген. Сонымен қатар, қосымшада карантиндік аймақтың периметрі бойынша жол тосқауылдарын кесіп өту ережелері туралы бөлім бар», - деді Қ.Таймерденов.
Қосымшаның басты парағында полиция басқармасы, аудандық әкімшіліктер мен полиция бөлімдерінің орналасқан жері туралы мәліметтер, сондай-ақ учаскелік пункттер орналасқан.