2023-тің жемқорлық оқиғалары: «А. Мырзахметов, Н.Әлтаев, М. Исахов істері»

Автор: Сымбат Ғалымжан

Биыл он айда 1100-ден астам жемқорлық қылмыс әшкереленсе, оның 137-сі жоғары лауазымды басшылар

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның байлығы қаншалықты мол болса, жемқоры, ұрылары да соншалықты көптігімен аты шыққан. Мемлекет тәуелсіздік алған жылдардан бастап парақорлармен күресті тоқтатқан емес. Десе де, қолды болған қазынаның көлемі нақты қанша екенін ешкім білмейді. Биыл да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі және Қаржы мониторингі агенттігінің анықтауымен мемлекетті тонағандар аз ұсталмады. Халықтың қазынасын жеке басының мүддесіне пайдаланған, мемлекеттің ақшасын ұрлауда түрлі айла-тәсілге барумен аты шыққандардың көбі елге танымал адамдар. Халықтың алдында іскер, білімді, адал, елді дамытуға еңбек етіп жүрген жауапты жандар ретінде өздерін көрсетіп келгендер шындығында ардан аттап, анттан безген, қазақ елін, билігін алдаған арсыз болып шықты. Шексіз байлыққа ие болғандар билікке де иелік еткілері келді. Мемлекетті тонауда көзсіз тойымсыздыққа барғандардың кейбіріне сот үкім шығарып, түрмеге жіберсе, әкімдіктегі әккі ұрылардың біразы әлі тергеліп жатыр. Орға омақасқандардың арасында экс-министрлер мен вице-министрлер, түрлі саладағы департамент басшылары мен өңір әкімдері бар. Биыл жемқорлық фактісі бойынша ұсталған, сотталған, кейбірінің қылымыстары әлі тергеліп жатқан жоғары шенді жемқорларларды Azattyq Ruhy тілшісі саралап шықты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің хабарлауынша, осы жылдың 10 айында елімізде ақша жымқырудың 1500-ге жуық қылмысы тіркеліп, 1100-ден астам жемқорлық әшкереленсе, олардың 158-і түрлі деңгейдегі басшылар екен. Оның ішінде 1 мыңнан астам іс сотқа жолданып, 282 млрд теңге залал өтелді. Бұл тізімге жергілікті атқарушы органдарда тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар да еніп отыр. Жалпы, жыл басынан бері әкімдіктегі 215 шенеунік әшкереленсе, оның 137-сі жоғары лауазымды басшылар. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлердің ең көбі Алматы, Шымкент қалаларында, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола облыстарында, Абай және Жетісу облыстарында анықталды.

Қайрат Боранбаев 6 жылға сотталды

Өткен жылдың 30 желтоқсанында басталған Қайрат Боранбаевқа қатысты сот ең атышулы сот процестерінің біріне айналды. «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды, оның тәркіленген мүліктері мемлекетке өткізілді.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы, 5-бөлігі, 189-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы, 218-бөлігі, 3-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, ҚР ҚК 28-бабы, 5-бөлігі, 189-бөлігі, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша жаза тағайындалды.

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2022 жылы наурызда қамауға алынған сәттен бастап мемлекетке миллиардтаған қаражат қайтарды. Оның ішінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда, ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтарды. Қайрат Боранбаев жалпы алғанда 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарып, білім беру инфрақұрылымына 30 млрд теңге бөледі. Қазірге дейін 30 млрд теңге мен 35,15 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке өтті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды 

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 29 мамырында қамауға алынып, биыл 20 маусымда сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Арыстанбек Мұхамедияұлына «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге,  «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпы мемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлады және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен басып алды деп күдіктенді. А. Мұхамедиұлы 2022 жылдың мамыр айынан бері қамауда.

Отанға опасыздық жасаған Кәрім Мәсімов 18 жылға қамалды 

Биылғы жылдың сәуір айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жариялады. Онда К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.

Сот шешімімен аталған үш бап бойынша да кінәлі деп танылған К.Мәсімов - 18, А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұнан бөлек, сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ долларын өндіріп алынды.

«Атамекен» ҰКП бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов 30 млн доллармен ұсталды 

10 мамырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің ұсталғаны туралы белгілі болды. 12 мамырда сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Оған алаяқтық жасады және кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген айып тағылды.

Тергеу мәліметінше, Абылай Мырзахметов кәсіпкердің туыстарының бірін қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесу үшін пара талап еткен. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргіп жатыр.

Делдал, әрі парақор Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы орынбасары Нұржан Әлтаевқа қатысты күдік расталды. Ол аса ірі көлемде айыппұл алды деп айыпталды. 2023 жылдың қараша айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұржан Әлтаевты 10 жылға соттау туралы шешім шығарды.

Сотта экс-вице-министр 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы М.-дан 115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге ақшаны пара ретінде алғаны айтылған.

Басынан бағы тайған Бекетаев 

2023 жылдың қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы Марат Бекетаевты қамауға алды. Оған «лауазым өкілетін асыра пайдалану» бойынша айып тағылған. Агенттік өкілдері таратқан ақпарат бойынша, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарт жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдап, мемлекетке аса көп көлемде қаржылық зиян келтірген.

Бизнесті бопсалаудың шебері Гүлмира Сатыбалдыға 7 жыл жаза берілді 

2023 жылдың мамыр айында Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде сот үкімі шықты.

Гүлмира Сатыбалды аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Былтыр 18 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша  тергеуді бастағаны туралы мәлімдеген болатын. Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін де хабарлады. Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйек айында Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Тимур Тоқтабаевты судья темір тордың арғы жағына 7 жылға жіберді  

Өтен жылдың қараша айында лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевта ұсталды.Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратура жүргізді. Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет, ондаған миллиард теңге қаражаттан қағылған. Сот санкциясымен Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының элиталық жеке үйлері, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz, екі BMW X5, Бугатти көлігі тәркіленді. Ол вице-министр лауазымында отырған кезінде тікелей келіссөздер жүргізе отырып, министрлік атынан Қостанай облысындағы 5,5 трлн теңгеден асатын кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға өзі жетекшілік ететін АҚ-мен келісімшарт жасасты. Ал АҚ өндіруге келісімшарт жасасу ниетімен ЖШС-ға жер қойнауын пайдалану құқығын берді. Аталған қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекеттік басқару органдарының заңмен реттелген қалыпты қызметі бұзылды. Кейінірек вице-министрдің ЖШС жарғылық капиталындағы 20% үлесті үшінші тұлғаларға сатқаны, (оның 10%-ы 425 млн теңгені құрады) анықталған.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр зардапқа әкеліп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны Тоқабаеты кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады.

«ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысына қатысты да сот үкімі шықты

2023 жылдың қараша айында «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға сот үкімі шықты. Ол қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығы шектелді.

Бұған дейін Мұхтароваға 2017-2018 жылдары Экологиялық кодекстің талаптарын бұзып, дивиденд түрінде заңсыз төленген 920 миллион теңгені иемденді деген айып тағылған болатын. 2022 жылы маусымында «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға халықаралық іздеу жарияланды. Кейіннен ол Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға жеткізілді.

«ӨКМ» оператаоры» ісі бойынша 2023 жылдың 3 шілдесінде қылмыстық іс бойынша төрт адамға үкім шықты. Бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде «ӨКМ» операторы» ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

 «Қазақфильм» АҚ экс-президенті жемқорлық жасады деген күдікке ілінді

2023 жылдың қараша айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шәкен Айманов атындағы  «Қазақфильм» АҚ бұрыңғы президентінің қылмыстық әрекеті әшкереленді деп мәлімдеме жасады.

2017 жылы Алматы облысының Іле өзен жағасындағы  «Көшпенді» киножобасы аясында салынған жасанды  «Түркістан» бекінісі Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшылығымен үлестес коммерциялық ұйымның нарықтық құнынан 44 есе төмен бағамен сатылған. "Қазақфильмнің" бұрынғы басшысына қатысты қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта осы активті және жер учаскесін мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек  «Қазақфильм» АҚ-нан киноға деп бөлінген 400 млн теңгенің ұрланғаны да анықталды.  

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділманов сотталды

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов лауазымын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Дархан Ділманов пен басқа да шенеуніктер лауазымын асыра пайдаланды және ірі көлемде пара алды деп айыпталған болатын. Енді айыпты "генерал-лейтенант" әскери атағынан, ІІ дәрежелі "Айбын" ордені мемлекеттік наградасынан, "ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері" құрметті атағынан да айырылды.

Дархан Ділманов 2015 жылғы маусымнан 2022 жылғы сәуірге дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры қызметін атқарды. 2022 жылғы 5 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Ділмановты бұл қызметтен босатты. 22 маусымда Дархан Ділманов пен басқа да адамдардың ұсталғаны белгілі болды.

Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталды

20 шілдеде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталды. Кәсіпкерге тендерді ұтқызу арқылы жүздеген миллион теңге сұраған шенеунікті прокуратураның келісуімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады.  

Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айында Шымкент әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қалалық әкімдікте ол көлік және автомобиль жолдары, еңбек инспекциясы, туризм, дене шынықтыру және спорт, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтер мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру саласына, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауға жетекшілік етті.

10 жыл және 422 млн теңге: Түркістанның экс-әкімі Рашид Аюповқа шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Астана сотында 2023 жылдың 20 қазанында Түркістан мен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың апелляциялық шағымы қаралып, үкім өзгеріссіз қалдырылды. Рашид Аюпов 2023 жылдың тамызында Қылмыстық кодекстің 28-бабы және 312-бабы бойынша (1997 жылғы редакциясы) кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Аюповтан мемлекет кірісіне сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау нәтижесінде алынған 422 800 000 теңге өндірілетін болды.

Рашид Аюпов Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 177-бабы 4-бөлігі Б пункті (ірі көлемдегі алаяқтық), 28-бабы 4-бөлігі (басқа адамды сендіру, пара беру, қорқыту немесе басқа тәсілмен қылмыс жасауға итермелеу), 312-бабы 5-бөлігі (пара беру) бойынша айыпталды.Рашид Аюпов 2019-2021 жылдары Түркістан қаласының әкімі болды, 2022 жылы Кентау әкімі болып тағайындалған. 

Жоғарыда аты аталған биліктегі лауазымды тұлғалардан бөлек әлі тергеліп жатқан кіші шенділерде аз емес. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, ел азаматтарының қолайлы өмір сүруіне деп қазынадан бөлінген қаражатты жеке бастарының пайдасына жаратқандардың мемлекетке тигізген зияны орасан зор. Өздерінің мүдделерін, жеке бас пайдаларын мемлекеттен жоғары қойған лауазымды тұлғалар халықтың да, ұрпағының да алдында масқара болды. Қазақ елінің қазынасын тонауда небір құйтұрқы айлакерлік әрекеттерге баруда істерінің әшкере болып, түрмеге тоғытылуы жауапты қызметтегі өзгеде адамдарға сабақ болуы тиіс!