«Құрғақ уәдеге алданып қалдық»: Астанада жаңа салынған үйлердің ішінде мұз қатып тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Мұз қатқан пәтер иелері үйін тастап туыстарын жағалап жүр

Фото ашық дереккөзден

Жаңа салынған үйлердің ішінде мұз қатып тұр. Астанада жылыту жүйесі жоқ, құбырлар мен кәріз жүйелеріндегі суы қатып қалған көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп шағымданды. Үйдің кілтін алып, «бөркін аспанға атқандарына» екі-ақ ай өткен. Қуаныш ұзаққа созылмады. Мұздай пәтерге кіруге қазір ешкімнің зауқы жоқ. 280 отбасы осылайша құрылыс компаниясының құрғақ уәдесіне алданып зар қағып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Тұран көшесіндегі 13 қабатты «Сауран» тұрғын үй кешені қыркүйек айында пайдалануға берілген. Қазір үйдің ішін де, сыртын да мұз басқан. Ал құрылысқа жауапты «Абылай құрылыс» компаниясы тұрғындарға үйді бастапқыда газбен жылытамыз деген. Артынша үйді орталық жылыту жүйесіне қосамыз деп уәде берген. Алайда уәде тек сөз жүзінде қалуда. Ал газдың үйді толық жылытуға қауқары жетпейді. Соның салдарынан, тұрғын үй кешені Арқаның алғашқы аязында-ақ адам тұруға жарамсыз болып, кісі шошырлық кейіпке түскен. Терезелердің жақтауы мұз баған болып қатып, батареялар жарылып, жертөлені су басып жатыр. Тұрғындар пәтердегі жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Барын салып қойғаны қазірдің өзінде шаш етектен шығынға батты.

 «40 градус аязда үйді мұз басып кетті. «Жөндеп алып, тұра беріңіздер» деп айтқан болатын. Орталықтан жылу болады деп сөз берген. Содан бері жылу қосылған жоқ. Аязда құбырлар жарылды. Ламинат төсеп тастағанбыз, жөндеп, бәріне су кетіп жатыр», - дейді тұрғын Нұргүл Бейісова.

Қай пәтерге, қай бөлмеге кірсең де, мұз, қалың қырау. Бір қорқыныштысы, тас суық үйде төрт айлық нәрестесімен тұрып жатқандар бар. Әйтеуір тоқ жылытқыштармен амалдап күн кешуде.

Пәтерлер ғана емес, тұрғын үй кешенінің бірінші қабаты да жылу құрылғысымен кептірілуде. Тұрғындар паркингтегі қабырға ылғалданса, тұтас үйдің іргетасы сөгіле ме деп қорқады. Қазірдің өзінде олар ғимараттың бір жаққа қисайып тұрғанын байқапты.

Жылуға жауапты мекеме бұл тұрғын үй кешенінің автономды жылыту қазандығымен жылытылатынын біледі, алайда бұл мәселені өз тарапынан шеше алмайтынын жеткізді. Бұған дейін осы тұрғын үй кешенінің құрылыс салушысы «Абылай-Құрылыс» ЖШС «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға орталық жылу желісіне қосылу үшін техникалық шарттарды алуға өтініш берген болатын. Қолданыстағы жылу трассасына қосылу үшін техникалық шарттарды беру «Дәстүр», «Хомлэнд», «Санлэнд» тұрғын үй кешендерін салған құрылыс компаниясынан келісім алғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Жалған уәдеге тойдырып ұстатпай жүрген «Абылай құрылыс» компаниясы өкілдері орталық жылыту жүйесіне қосылған көршілес тұрғын үйлерді салған құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мұз қатқан пәтер иелері үйін тастап туыстарын жағалап жүр. Олар тұрғын үй кешені орталық жылыту жүйесіне қосылса да, жан-жақтан соққан желдің ызыңы естіліп, үйдің іші жылынады дегенге күмәнмен қарайды.