Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы құрылыс ахуалы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады. Қала экономикасы өсіп келеді.Жалпы өңірлік өнім 4,1 пайызға өсіп, 4 трлн 753 млрд теңгені құрады.Инвестиция көлемі 4,7 пайызға өсіп, шамамен 1,3 трлн. теңгені құрады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14,6 пайызға өсіп, 230 мыңнан асты.Бөлшек тауар айналымының көлемі
9,4 пайызға өсіп, шамамен 2,2 трлн. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 пайызға өсті.Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. 3,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім атағандай, осы жылы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша азаматтардың әртүрлі санаттары үшін 5200 пәтер беру туралы міндет қойылды.
«Оның ішінде жетім балалар, көп балалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар.Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында кезекте тұрғандар өз үйлеріне кіреді. Реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғын үй иесін көшіру жоспарлануда.Алғашқы 3 апатты үйдің тұрғындары көшірілді. Жұмыс жалғасуда. Жыл басында жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам объект болды.Қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды», - деді Астана әкімі.
Қала әкімі атағандай, барлық шешім қала белсенділерінің қатысуымен қабылданды.
«Шешімдердің 90 пайыздан астамы қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданды. Тығыз құрылыс объектілерінің барлығына дерлік оң шешімдер қабылданды: мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік объект және 9 қоғамдық кеңістік жоспарланды. Қалған объекттер бойынша сот шешімін күтіп отырмыз», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ