«30 мың орын жетпейді»: Досаев Алматыда мектеп тапшылығы қашан шешілетінін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Екі жылда 22 мектеп салынбақ

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматыда мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бізде жыл сайын жаңа оқу жылында 12-14 мың бала келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 30 мың орын тапшылығы бар. 2024-2025 жылдары 37,1 мың орындық 22 мектеп ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 23,1 мың орындық 13 мектептің құрылысы басталды. Жеке инвесторлармен 12 мың орындық 8 мектеп салу және сатып алу бойынша меморандумдар жасалды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2 мың орындық 1 мектеп салынады», - деді Е.Досаев.

Әкім атағандай, 2025 жылдың 1 қыркүйегінде орын тапшылығы 3-4 мыңды құрайды.

«Оны біз жергілікті бөлінген қаражат арқылы жаңа ғимарат саламыз ба, қосымша саламыз ба, оның жолын табамыз. 2025 жылдың соңына дейін осы сұрақты шешеміз деп сенеміз», - деді Ерболат Досаев.