Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер әлеуметтік тұрғыдан қалай қорғалады
Төлемдердің орташа мөлшері 208 мыңға дейін барады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство басшысы арнайы әлеуметтік төлем ала алатын жұмыскерлердің саны жыл сайын көбейіп отыратынын жеткізді.
Светлана Жақыпова өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу көзделгенін атап өтті. Заңнамаға тиісті түзетулерді ҚР Парламенті Сенаты мақұлдады.
«Арнайы әлеуметтік төлемдер деп атаймыз. Азаматтарға көп жылдар бойы 55 жасқа толып, 7 жыл бойы зейнетақы жарналары аударымдар болған кезде, сол төлемдер төленеді. Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше қаражат көзінен жүзеге асырылады. Біріншісі жұмыс беруші тарапынан, екіншісі сақтандыру компанияларынан төленеді. Зейнетақы төлемі қордан жиналған жиынтықтардан, кәсіби жарналар, міндетті зейнетақы жарналарынан жиналған жиынтықтардан төленетін болады», – деді Светлана Жақыпова.
Төлемдердің орташа мөлшері 208 мыңға дейін барады. Ол 63 жасқа дейін төленеді. Кейін ол тоқтатылып, базалық зейнетақы төлемдері мен ынтымақтық зейнетақы жүйесінен төлемдер тағайындалады.
Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін азаматтар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдер алады.