Ақтауда желідегі ақауға байланысты бірнеше шағынаудан жылудан ажыратылды
Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ақтауда жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша төрт шағынауданның кейбір нысандарында шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұлш туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақтауда 1 ш/а және 6 ш/а жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты, 2,4,5,6 шағын ауданның кейбір нысандарына жылудан уақытша шектеу қойылды», - делінген хабарламада.
Қазір арнайы бригада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмыстары түстен кейін аяқталады деп жоспарланған.
Тақырыпқа орай: Қостанайда 42 тұрғын үй, мектеп және халықаралық әуежай жылусыз қалды
Айта кетсек, бүгін аталған жайтқа орай Ақтау қаласының әкімі 14-шағынаудан тұрғындарымен кездесті. Қала басшысы тұрғындарға жылу мәселесі бойынша жасалып жатқан жұмыстарды түсіндірді.
14-шағынаудан №30 үйдің тұрғындары жылу мәселесіне қатысты шағымданды. Олардың айтуынша, аталған үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі дұрыс жұмыс істемейді.
Тақырыпқа орай: Жезқазған ЖЭО қазандықтар істен шықты: қала әкімі үндеу жариялады
Қала әкімі жылуды реттеу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, аталған үйлерге «Автоматтандырылған жылу пункті» орнатылатынын жеткізді.
«Негізгі мәселе - тұрғын-үйдің жылу айналымы нашар. Жылу мәселесі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының тікелей бақылауында. Тұрғын үйге жылу келіп тұрғанмен, кейбір пәтерлерде жылу жетіспеушілігі туындаған жағдайда тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме тарапынан реттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл мәселені реттеу үшін «Автоматтандырылған жылу пункті» орнатылатын болады. Оған дейін тұрғын-үйге қызмет көрсетуші мекеме жертөлені дайындап қою қажет. Сонымен қатар, тұрғын-үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп, жасалған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп беріңіздер», - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Айта кетсек, бұған дейін Энергетика министрлігі бірнеше облыстағы ЖЭО ақауы бойынша түсініктеме бергенін хабарлаған болатынбыз.