Ол құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатындарды жазалауды сұрады
Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біле білсеңіздер, Қазақстан Республикасы өз билігін күш құрылымдарына пәрменді есірсін деп емес, ескерсін деп береді. Халықты қорласын деп емес, қорғасын деп береді?! Сондықтан, бүгінгі шұғыл сауал жолдауымыздың себебі – қарапайым халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-арызын сіздерге жеткізудің соңғы амалы десек те болатын шығар. Өйткені шарасыз халық біздер – депутаттарға соңғы инстация ретінде, басқа органдардан көмек күте алмаған соң ғана жүгінеді», - деді Зайытов.
Ол атағандай, депутаттардың атына аймақтардағы күштік құрылымдары қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданатын хаттардың саны көп.
«Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзен және т.б. қалаларынан келіп түскен бір қатар шағымдарды жатқыза аламыз. Онда Ата заңымызбен бекітілген, адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты айрықша құқыққа ие - күштік құрылым қызметкерлері өздерінің «жедел іздестіру іс-шараларын» жамылып, жеке мақсатта әрекет ететіндері мәлімделуде. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, жалғыз басты ана - А.А. Мамаеваның және оның ұлы алаяққа тап болып, шамамамен 4 млн теңгеден айырылған екен, бұл фактіні анықтап, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына арызымен жүгінген», - деді ол.
Депутат атағандай, өтініш иесінің айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен таныстығының арқасында, айыпталушының үстінен қозғалған қылмыстық іс, белгісіз себептермен бірнеше рет тоқтатылған және жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілген.
«Сонымен, 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінгі таңға дейін сотқа жетпеген. Сондай-ақ Қоғамдық қабылдауға келген Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны, өтініш иесі З.А. Тотанованың атынан арыз қалдырып, айтып жеткізген жайт тіптен ойға қонымсыз. Оның айтуынша, жәбірленушінің өзіне аймақтық күштік құрылым қызметкерлері тірідей мәйіт қаздырып, азап көрсеткен (арыздары қоса беріледі). Осындай істі сотқа дейін жеткізбеу, не тіпті істі қозғамау, билігін асыра пайдалану және тағы да сол сияқты іс-әрекеттер туралы менің осындағы әріптестерім де айта алады. Сондай-ақ, бұл Ішкі істер министрлігіндегі «оборотней в погонах» өз қызметтік мансабын асыра пайдаланып, қыздарды зорлау фактісімен өздері ұсталып отыр. Осы ретте, бұларға сенім қайдан болсын?!», - деді ол.
Заитов құзыретін қылмысты азайту үшін емес, табысын көбейту үшін пайдаланатын қызметкерлерге неге шара қолданбаймыз, деп сұрады.
«Осыған орай, құқық қорғау саласындағы жекелеген бассыздықты жою үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппараттарының өкілдерінен Тұрақты әрекет ету тобын құруды, аталған топқа қылмысы дәлелденген күштік құрылым қызметкерлерінің құзыретінде болған істерді қайта қарап, шын кінәлілерді анықтауды ұсынамыз. Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жауап берулеріңізді сұраймын», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ