Мобильді аударым бойынша салық төлемеген жағдайда айыппұл қашан енгізіледі?

Бірден айыппұл салынбайды, алдымен ескерту хабарламасы жіберіледі

Мобильді аударым бойынша салық төлемеген жағдайда айыппұл қашан енгізіледі?
Фото ашық дереккөзден

Мобильді аударым бойынша салық төлемеген кәсіпкерлердің базасын ақытау үшін тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2023 жылы Мемлекеттік кіріс комитетіне қатарынан үш айдың әрқайсысы ішінде 100 түрлі тұлғадан жеке банктік шотқа аударымдар алған жеке тұлғалар бойынша банктерден мәліметтер келіп түсті. Банктер мәліметтерді тек осы өлшемшарттарға сәйкес келген адамдар бойынша жібереді.

«Бірден айыппұл салынбайды. Алдымен ескерту хабарламасы жіберіледі. Соның нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген азаматтар және олардың жұбайлары, ұлттық компаниялардың басшылары мобильді аударымдар бойынша 2022 жылдың қорытындысы анықталып жатыр. Қазір ақпараттарды талдау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар келесі жылдың наурыз, сәуір айларында аяқталады», - деді ҚР ҚМ МКК-нің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Айта кету керек, бүгінгі таңда ақпарат тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды.

Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар, аударымдар көбінесе чектер берілмей қабылданады. «Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз», дейді Айнұр Сартаева.

Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.