$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз – Жаңбыршин

30 жылдан бері ирригациялық каналдар әбден тозған, жөнделмеген

Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз – Жаңбыршин
Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин су ресурстары саласындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаға тоқталып өтуді жөн көрдім. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілер емес. Біз әртүрлі бағдарламаны қабылдауды қатырамыз. Мәселен, 2002-2010 жылдары «Ауыз Су», 2011-2020 жылдары «Ақ Бұлақ», ал 2020-2025 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы Жол» сияқты 5 бағдарламаға бюджеттен 1,5 трлн теңгені нақты бөлдік. Дегенмен, әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауыз суына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. ХХІ ғасырда, қыстыңгүні қырауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік. Негізгі су ресурстарын тұтынушы сала – ауыл шаруашылығы. Агроөндірістік кешендерде судың шығыны 40 пайызға жетіп отыр», - деді Жаңбыршин.

Депутат атағандай, оған себеп 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақытылы жөнделмеуі.

«Келесі мәселе, бұл салада су үнемдеуші технологияларды пайдалану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жерлердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады. Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз. Алдағы бес жылдықта еліміздің Ішкі жалпы өнімін екі есеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – су. Қазір кәсіпорындар су ресурстарымыздың 28 пайызын тұтынса, алдағы 5 жылда бұл цифр кемі 1,5-2 есеге өсетіні анық. Сондықтан өндірісте суды қайта пайдалану мәселесін заңмен шегелеп, міндеттеу керек. Өйткені өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы ғана суды қайта пайдаланып отыр», - деді Жаңбыршин.

Оның айтьуынша, көліктерді жууатын нысандар суды қайта пайдалануды жолға қоймаған. Ал олардың көбі ауыз сумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр.

«Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет. Мәселен, Қытай, Аргентина, Бразилия, Араб пен Таяу Шығыс елдерінің көбінде әрбір жауын-шашынның тамшысын мүмкіндігінше ішуге де, өндіріске де пайдаланады. Мысалы Германияның Франкфурт аэропорты жауын суын пайдалану жүйесі арқылы жылына 1 млн куб суды үнемдейді. Біз Астанамыздың еріген қар суын тіпті пайдаланбаймыз. Бұдан басқа, кәріз, ағынды лас суларды да әлемнің Сингапур сияқты көптеген елі 100 пайыз қайта өңдеп, тіпті ауыз суға пайдаланады. Ал бізде суды қайта пайдалану көрсеткіші – небәрі 2,5 пайыз», - деді ол.

Депутат атағандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.

«Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін толық таппайтындай көрінеді. Қорыта келе, еліміздегі саяси реформалардың нәтижесінде Жоғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруі тиіс. Бұл – Ата Заңымызбен бекітілген норма. Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу. Сондықтан болашақта әрбір есепте бұл проблема жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені сіздер Заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар», - деді ол.

Жаңбыршин атағандай, Үкімет ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын, Президент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуы тиіс.

«Ол үшін барлық әлеуетімізді қолдану маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Тасбақа аяң десек те болады. Бағана депутат-әріптестерімнің тарапынан көтерілген кадр мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, суды үнемдеу, трансшекаралық су дипломатиясы, әділ су тарифі, суды қайта пайдалану, жалпысалалық цифрландыру, жерасты суларын дұрыс пайдалану сияқты мәселелермен жан-жақты, жүйелі түрде айналысу қажет», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары