Алматы облысының тұрғындары қақаған қыста жылусыз, жарықсыз қалды
Бұл жағдай үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр
Қыстың нағыз қытымыр аязында Алматы облысындағы Айғаным ауылының тұрғындары жылусыз қалды. Бұл жағдай үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Жарықтың жоқтығы да жұрттың жүйкесін жұқартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Қылышын сүйреп келген қысқа Айғаным ауылындағы газ жүйесі төтеп бере алмады. 100-ден аса тұрғын тоңып отыр.
«Аяз басталғалы бері тамақ жасаймыз, шәй жасаймыз проблемасы былай тұрсын, үй жылымай жатыр. Үй мүлдем жылымайды, неше көрпе киіп, бірнеше қабат киім киіп қыстық киіммен жүр үйде балаларымыз. Шағымданбаған жеріміз жоқ. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Жұлдызай Құсайынова.
Ауыл тұрғындары газ құбырын орнату оңай болмағанын айтып жеке компанияға шағымданды. Олардың айтуынша жыл сайын қыс мезгілінде газдың қысымы төмен болады екен. Амалсыздан көмір жағып, тоқ пештер пайдаланып отыр. Оған қоса жарық та жиі өшіп, жығылғанға жұдырық болып тұр.
Газға жауапты жекеменшік компания мәселені назарға алып бір аптада қосымша жылу тарату шкафтарын орнататынын жеткізді. Бұған дейін қаржы қарастырылмапты.
«Бүкіл ШГРП-лар норма емес, нормадан жоғары тұр. Шеткі үйлерге жетпей жатыр. Шеткі автомобилистті дача ретінде біз кезінде қоспайтынбыз дегенбіз. Ал ол адамдар шулап тура жанымызда өтіп тұрған газды біз неге ала алмаймыз деп ол жерге қостық. Енді ол жерге шгрп апаруымыз керек 1 жетіде, сол кезде шешілкді бұл әңгіме. Бұған дейін қаржыландыру болған жоқ, жаңа ғана қаржыландыру келді», - деді «АРАЗ ИНВЕСТ» ЖШС директоры Құралай Шарапеева.
Ауылдық округ әкімінің сөзіне сенсек, газ құбырларындағы ақауға елді мекенде құрылыс пен үйлер көбейгені әсер еткен. Әкімдік тарапынан тек рұқсат қағазына қол қою жұмыстары ғана жүргізілетінін жеткізді.
«Қазір ШРП бәрін тексеріп шықты, қысымды барынша көтеріп қойды. Техниктердің бәрі шақырылыды. Қазір тағы да көріп шығамыз қалай болатынын. Енді бұл кісілердің 3 жылдай 2 жылдан артық болып көтерілген мәселелері. Енді маған бір ай бұрын келді шындығын айтқанда, қазіргі таңда енді сол бойынша рұқсат қағаздарын дайындау бойынша жұмыс атқарамыз», - деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есембаев.
Саршұнақ аязда үйлерінде бүрсең қағып отырған тұрғындар тағы бір апта шыдауы қажет.