Қызылша дерегі ең көп тіркелген жас аралығы – 1-14 жас
Республика деңгейінде қызылша сырқаттанушылығының көрсеткіші жоғары облыстардың ішінде Маңғыстау облысы 1 орында тұр. Өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметіне сәйкес, жыл басынан бүгінге дейін 4 013 күдікті жағдайы тіркеліп, оның 2 371-і дәлелденгеен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 420.
Қызылша дерегі ең көп тіркелген жас аралығы – 1-14 жас, яғни 1 464 адам. Сонымен қатар 15-18 жас аралығындағы жеткіншектер арасында 77 жағдай анықталып, 19 жастан асқандар арасында 410 адамда қызылша тіркелген.
«Бүгінгі күнге қызылшаның эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында 13 қараша айынан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жұмыстары 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға жүргізілуде. Бүгінге дейін қосымша жаппай иммундау бойынша екпе алғандарт саны – 8 997 адам», - делінген Маңғыстау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарламасында.
6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі вакцина алған балалар саны – 2004. Ал 2-4 жастағы балалардың – 6103-іне екпе егілсе, 492 медицина қызметкерлері вакцинацияланды. Сондай ақ 1-18 жас аралығындағы вакцина алған балалар саны – 398.
«Қызылша — дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрынның бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын вирустық жұқпалы ауру. Ол ауа-тамшылы жолдармен, яғни сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Қызылша ауруынан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Екпеден бас тарту арқылы балаңыздың денсаулығына қауіп төндіресіз. Себебі екпе алмаған бала пневмония, энцефалит, отит сияқты аурулардың асқынуына шалдығуы мүмкін! Екпе алу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасып, аурудың өршуін тоқтатуға болады! Балаңыздың денсаулығы өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз», - дейді мамандар.