Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға қанша жәрдемақы төленді
Мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 535,4 мың адам
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 479 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 59,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
«2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 535,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 187,4 мың адамды құрайды. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады», - делінген хабарламада.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% - ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5% - ға қосымша арттырылды.
Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 98,8 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 63,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5% - ға ұлғайтылды.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 46 681 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 51 663 теңгені құрайды.