Аймақ басшысы облыстың экономикалық дамуы жайлы есеп берді
Ұлытау облысында «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І облыстық форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жиынға облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысты. Сондай-ақ партия белсенділері, облыстық басқарма және департамент басшылары да қатысты. Форум жұмысын «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиал төрағасы, Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізді.
Форумның ашылуында сөз алған Ұлытау облысының әкімі партияның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі өзгерістер мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша қысқаша баяндама жасады.
«Елімізде орын алатын саяси-экономикалық реформаның жетістігі мен кемшілігіне «AMANAT» партиясы жауапты. Өйткені, бұл партия халық алдында уәде беріп, өзіне үлкен міндет алған. «AMANAT»-тың «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы әрбір қазақстандықтың мүддесін ескеріп жасалған. Депутат қараша халық пен үкімет арасындағы алтын көпір десек, олардың басты мақсаты - тұрғындар шағымын жоғары билікке жеткізу, орын алған мәселелердің уақытылы әрі сапалы шешілуіне ықпалдасу. Аманат партиясының жұмысындағы басты басымдылық та осы», - деді Берік Әбдіғалиұлы.
Оның мәліметіне сәйкес, облыстың экономикалық қызметінің негізгі көрсеткіші - жалпы өңірлік өнім 2023 жылдың 2 тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4% - ға өсіп, 749 млрд теңгені құрады.
Биылғы 10 ай ішінде өнеркәсіптік өндірісі біршама төмендеген. Бұл ЖМЗ-ның кен-термиялық пешін күрделі жөндеуге тоқтатумен байланысты. Төмендеу көрсеткіші ауыл шаруашылығында да байқалған. Ал әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш едәуір артқан. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша биыл 125 іс-шараның 30 жобасы ауыспалы, аяқталу мерзімімен 95 іс-шара, 55-і орындалу барысында. Орындалған жобалардың қатарында «ULYTAU» футбол клубы және Ұлытау техникалық университеті ашылды. 10 мектептік автобус сатып алынды. 5903 адам жұмысқа орналастырылып, 213 түлек жастар практикасына жіберілді. Осы сынды оң өзгерістер қатары артып келеді.
Форум аясында облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары сөз алып, өз саласы бойынша есеп берді. Ал депутаттар өз кезегінде сауалдарын жолдап, орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды.
Жалпы, Ұлытау облысында барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «AMANAT» партиясының 6 депутаттық фракциясы бар (1 облыстық, 3 қалалық, 2 аудандық). Облыс мәслихаттары депутаттарының саны 84 адамды құрады, оның 67-і «АМАNАТ» партиясының мүшелері.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ