Түркістан облысында аса қатыгездікпен өлтірілген қыздың анасы сот үкімімен келіспей отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Сот шешімімен келіспеген Аружанның туыстары апелляцияға жүгінбек

Фото ашық дереккөзден

Тым жеңіл жазамен құтылды. Түркістан облысында аса қатыгездікпен өлтірілген қыздың анасы сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. Себебі 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайдың өліміне кінәлілердің бірі 16 жылға сотталса, екіншісі бар болғаны бір жыл төрт айға бас бостандығынан шектеліпті. Қызынан айырылған ана экс-шенеуніктің баласы әділ жазасын алған жоқ дейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 «Бейбарыс деген баланың қатысы бар екен. Бұл жерде Төлеп деген баланың шығарып бергені болып отыр. Бірақ шығарып берген күнде де, өлім болып отыр ғой. Сот шешімімен келіспеймін. Қалай үйқамаққа жібереді? Төлеп деген бұрынғы әкімнің баласы. Жазасын алсын деймін. Кімнің баласы болса да, қандай баласы болса да, олардың балалары тірі. Ал менің қызым енді жоқ», - дейді А. Орынбайдың анасы Динара Зілғараева.

Қанды қылмыс биыл сәуір айында болған. Төрткүл ауылының 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы Аружанның жартылай жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялаймыз деп миллион теңге бопсалаған. Бірақ қыз ондай қомақты ақшасы жоқ екенін айтып, екеуінің қылмыстық әрекетін туыстарына жайып салмақшы болған. Осыдан кейін қос қаскөй 15 жастағы қызды тұншықтырып, кеудесінен екі мәрте пышақ ұрыпты. Содан соң қыздың мәйітін өз үйінің артындағы арыққа ағызып жіберген.

Өз кінәсін сол күйі мойындамаған 19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды. Ал қылмыстың қалай болғанын айтып берген бұрынғы әкімнің 17 жастағы ұлы бір жыл төрт айға сотталды. Сот шешімімен келіспеген Аружанның туыстары апелляцияға жүгінеміз деп отыр.