Ақсу қаласында жеке меншік үйлерді кәріз суы басып қалды
Жертөледегі суларды тұрғындар өз күштерімен сорғызып жатыр

Павлодар облысының Ақсу қаласында жеке меншік үйлерді кәріз суы басып қалды. Тұрғындардың айтуынша, қаланың орталық кәріз жүйесі істен шыққан. Салдарынан үйлердің жертөлесі мен едені суға толды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Ал тұрғындар жағымсыз иістен үйде тұру мүмкін еместігін айтады. Күннің суықтығынан есік терезені де аша алмай отыр. Ал жергілікті әкімдікке айтқанмен, нәтиже болмапты. Жертөледегі суларды тұрғындар өз күштерімен сорғызып жатыр.
Ақсу қаласы әкімдігінің хабарлауынша, екі көшедегі 7 үй су астында қалған. Оқиға орнында мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Күн райының қолайсыздығына байланысты апатты дер кезінде қалпына келтіру қиындық тудыруда.
«Коллекторда апат болды. Тереңдігі 7 метрлік құдықта 500 мм болатын құбыр жарылған. Соның кесірінен Құрылысшылар және Проезд 2 көшелеріндегі үйлерге су жайылып кетті. Десе де, судың мол мөлшерде жайылмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оқиға орнында 4 бірлік техника суды сорғызуда. Сондықтан, тұрғындардан келтіріліген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - деді «Ақсу» су арнасының директоры Мерхат Уалитов.