Карантин аяқталмайынша қашықтан оқу процесі жалғасады
Бүгін еліміздің орта білім беру орындарында қашықтан оқу басталды. Осыған орай, еліміздің Білім және ғылым министрі журналистерге арналған брифингте бірқатар маңызды сұрақтарға жауап берді. Соның бірі оқушылардың сабағын кейінге қалдыру мәселесі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Біз бұл кезеңнің қашан аяқталатынын білмейміз. Қазір әлемде 168 елдің қашықтан оқып жатқанын біле отырып, оқуды тоқтатудың мәнін көріп тұрған жоқпыз. Жалпы, көпшілік тарапынан оқушылардың сабағына байланысты екі ұсыныс түсті. Бірінші - сабақты толықтай тоқтатып, жылдық қорытынды шығару. Екінші позиция - оқу процесін шілде және тамыз айына қалдыру. Мұнда шілде-тамыз айында сабақ оқып, жаңа оқу жылын қыркүйекте қайта бастау балалар үшін қиын. Тіпті методологиялық жағынан да бұл дұрыс емес, себебі үшінші тоқсанда өтіп жатқан бағдарлама төртінші тоқсанмен тікелей байланысты. Мұндай жағдайда үлкен үзіліс жасаудың өзі қате», - деді ол.
Сонымен қоса, министр еліміздің оңтүстік өңірлерінде жазғы маусымда сабақ оқу оқушылар үшін қиын болатынын атап өтті.
«Жазда мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оңтүстік аймақтарда +40 градуста оқудың өзі оңай емес, одан бөлек, басқа да аргументтерді айтпай-ақ қояйын. Бізге бұл процесс оңай болмайды, бірақ бұл балаларымыз бен білім жүйеміз үшін қажет», - деді ол. Қашықтан оқу білім сапасын түсіреді деп айта алмаймын. Көп нәрсе мұғалімдер тарапынан кері байланыс пен ата-аналардың қолдауына да байланысты. Дәстүрлі оқу кезінен де жақсы нәтиже алуымыз мүмкін. Бұл жерде оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен жеке бас тәртібі маңызды», - деді министр.
Айта кететіні, қашықтан оқу «BilimLand», «Дарын онлайн», «Күнделік.кз» платформалары арқылы жүзеге асуда. Ал шалғайдағы балалар үшін кесте бойынша, «Балапан», «Еларна» телеарналары мен «Қазақ радиосында» арнайы сабақтар өткізіледі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан