Ғылымдағы әйелдер теңсіздіктен теперіш көреді – Күнсұлу Закарья
ҰҒА президенті «QazScience – AMANAT fest» халықаралық ғылым фестивалін өткізуді ұсынды
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының I отырысы өтті. Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі қыз-келіншектердің рөлі талқыланған алқалы жиында түрлі салада жемісті еңбек етіп жатқан белсенді әйелдер бас қосты. Жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья гендерлік теңдік мәселесі ғылыми және технологиялық озық тәжірибеге ықпал етудің маңызды құралы ретінде қарастырылуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ғылым мен технология әлеміндегі әйелдердің саны аймаққа немесе елдің экономикалық дамуына тікелей байланысты емес. ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша, әлемде ғылым саласындағы әйелдердің үлесі небәрі 30%-ды құрайды. Қоғамда қалыптасқан түрлі әлеуметтік және мәдени стереотиптер ғылымдағы гендерлік теңсіздіктің себебі саналады. Экономиканың өзге салаларындағы секілді, ғылымдағы әйелдер сыйақы алуда, жұмысқа орналасуда теңсіздікке, қиындықтарға және «көрінбейтін кедергілерге» кезігеді. Мұның бәрі әйелдердің орындаушы деңгейінде қалып, одан әрі кәсіби өсуіне кедергі келтіреді», – деді ғалым.
Оның айтуынша, қыз-келіншектер ғылымға қызығушылық танытқанымен, түрлі кедергіге байланысты академиялық дәреже алмауды немесе осы салада мансап құрмауды жөн көреді.
«Ал Орта Азия өңірінде жағдай біршама жақсырақ. Ғылымдағы әйелдердің үлесі әлемдік көрсеткіштен едәуір асып түседі және шамамен 50% құрайды. Менің ойымша, мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, біздің әйелдер қауымы өте белсенді әрі табанды. Олар өз біліктілігін арттыру үшін түрлі курс пен тағылымдамадан өтуге ынталы. Айтайық, 2018 жылы әйел ғылым докторларының саны 595 болса, 2023 жылы олардың саны 714-ке жетті. Олардың басым бөлігі білім беру саласында жұмыс істейді. Еліміздегі 22 000 ғалымның 2427-сі әйел», – деді ол.
Оның пікірінше, әйел ғалымдардың ғылыммен айналысуы үшін барлық жерде бірдей жағдай жасалмайды. Әйелдер өзін толық ғылымға арнай алмайды. Себебі, олар бала туып, оған күтім жасап, әр кез отбасы жағдайына алаңдайды.
«Сондықтан, салалық министрліктермен және ведомстволармен бірлесіп, әйелдердің ғылымға тең және толық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы және жүйелі жұмысты бастауға шақырамын», – деп түйіндеді ғалым.