Ол Мәжілісте депутаттардан бұл өзгерістерді қолдауды сұрады
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында есірткімен күрес жайлы заң жобасына өзгертулер енгізу туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Синтетикалық есірткіні» өндіруге байланысты қауіп-қатерді ескере отырып, есірткі зертханаларын ұйымдастырғаны үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер әзірленді. Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар «есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады. Санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру болмақ. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ҚК 297-бабының 4-бөлігі бойынша дәрежеленетін болады», - деді Сәденов.
Министр атағандай, қоғамда есірткі «жасырушыларды» (закладчик) үшін жазалаудың тым қатаңдығы туралы мәселе көтеріліп жатыр.
«Бұл жастар мен жасөспірімдерді осы салаға белсенді тартуға байланысты болмақ. Расымен де, есірткі өткізушілердің «портреті» өзгерген. Бүгінде олардың көбі үлгілі отбасыларынан шыққан жастар-ақ. Олар үшін интернет-технологияларын белсенді пайдалану үйреншікті жағдайға айналған. Есірткі таратушылардың қатарына олар «жеңіл ақша табуды» көздегеннен, құқықтық сауаты төмен болғаннан, мәдениет пен әлеуметтік жауапкершіліктің аздығынан кіреді. Бүгінде кәмелетке толмаған 6 тұлға сотталды. Тағы 26 жасөспірім жауапкершілікке тартылуда. Бұған қатысты да біз келесі түзетулерді әзірледік. Егер қылмыс бірінші рет жасалса, сондай-ақ кінәлі тұлға тергеу органдарымен белсенді ынтымақтаса жұмыс істесе, есірткі өткізушілерді жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады», - деді ІІМ басшысы.
Министр Мәжіліс депутаттарын осы түзетулерді қолданыстағы заң жобасы аясында қарастыруды сұрады.
«Елдегі есірткі ахуалына әсер ететін факторлардың бірі - каннабис шикізатының болуы. Әңгіме тек «Шу алқабы» туралы ғана емес, елдің орталық және оңтүстік өңірлерінде қарасора егуді ұйымдастыру жөнінде болып отыр. Онымен күресу үшін жыл сайын «Қарасора» операциясы өткізіледі (маусымнан қазанға дейін). Есірткі егістерін анықтау үшін:тікұшақ техникасы, өтімділігі жоғары көлік, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары қолданылады. Былтырдан бері ғарыштан алдын ала шолу жұмысы жүргізіліп келеді», - деді министр.
Оның айтуынша, жыл сайын осы шара аясында 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді.
«Осы жылы бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда болмаған ең жоғары шегіне жетті – шамамен 37 тонна тәркіленді. Сонымен қатар бұл проблеманы тек күшпен шешу мүмкін емес. Бұл ретте барлық уәкілетті органның қатысуымен нашақорлық профилактикасының нақты жүйесі қажет», - деді ол.