$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.12.2023, 12:26
Қоғам

Сыбайлас жемқорлықпен күресте әр адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс - пікір

Бұл баршаға ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлықпен күресте әр адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс - пікір
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Адалдық – ардың ісі. Өмірде кездесетін ірілі-ұсақты келеңсіздіктердің бәрі ар-ұяттың таяздығынан болып жатады. Адалдықтан аттап, ар-намысты таптап, өзін де, өзгені де төмендету әрекеттері санасыздыққа әкеп соқтырады.  Ертеңімізді ойласақ, бүгіннен бастап тамыры тереңге жайылса да, сыбайлас жемқорлықпен бүкіл ел болып бір адамдай күресуіміз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет. Сол міндетті абыроймен саналы атқару үшін әр адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс. Ақсай қаласы, Бөрлі ауданы Орталық аудандық кітапхананың кітапханашысы Жанар Ниярова осындай ойымен ойымен бөлісті.

Оның сөзінше, «Баланы жастан...», деп бала тәрбиесіне, соның ішінде, адамның жасынан адал болып өсуіне аса жоғары мән берген ата-бабаларымыз тәй-тәй басып, үлкен өмірге аяқ аттаған баланың тұсауын «ешкімнің ала жібін аттамасын, адалдықты жанына серік етсін» деген ниетпен ала жіппен кескен. Бала тәрбиесіне қатысты тыйымдар мен ырымдардың да адалдық пен адамгершіліктің дәнін себуде алатын орны ерекше екенін бүгінгі қоғамдағы «ақсақ тәрбие» дәлелдеп отыр...  

«Тәрбие – көп салалы, жан-жақты, нәтижесі санмен емес, сан жылдардың сапасымен өлшенетін күрделі үрдіс. Отбасынан бастау алып, мектеп табалдырығында толықтырылатын тәрбие үрдісіне бүгінгі таңда қоғам қосылып отыр. Үштағанның тоғысқан тәрбиесінен түйірін таңдап алатын - тұлғаның өзі. Талғампаздықты талап ететін аталмыш таңдау - сананың тереңдігімен өлшенетін құбылыс. Бұл аталған көрсеткіштерге бала дайын ба? Баланы былай қойғанда, ересектердің дайындығы қаншалықты? Естіген құлаққа түрпідей тиетін, десек те, ащы шындықты арқалаған осынау сауалдарға жауап беру – қиынның-қиыны...Бірақ, жоғарыда аталғандардың барлығының басында «адалдық» ұғымы тұрғаны – бір ғана ақиқат...

Адамгершілік ұғымын арқалаған адалдық бүгінгі қоғамда қан жылап тұр. Себебі, қай бұрышқа қарасаң да, сығалап тұрған сыбайлас жемқорлықты көресің, сыбайластықтың ізін байқайсың, бітпейтін «Мәке», «Сәкелердің» жырын тыңдайсың... Сырт қарағандағы сұлу көріністің ішкі беті – адам танымас сұмдық. Ел алдында әдемі сөйлеп, әсерлі ой қалдырған тұлғаның бармақ басты, көз қысты әрекеті үлгі алуға лайық па? Немесе кез-келген мәселесін әділ жолмен шеше алмаған қарапайым адамның шарасыздан тапқанын өзгемен бөлісуге ұсынғаны құптауға тұрарлық па? Тізе берсең, тізбектеле беретін біреу әлі келгендіктен, ал екіншісі амалсыздан бойұсынған осындай әрекеттер еркін елдің еңсесін езіп, тәуелсіздіктің туын талан-таражға салар түрі бар.  Осы орайда, түйсігі терең ата-бабамыздың «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»,-дегендей, «Туралықты ту етер күн туған жоқ па?», -деген сұрақ көкейге тыным бермейді... Сұрақ көп, жауап жоқ. Сөз бостандығы шарықтап тұрған тәуелсіз елде шындықты айта алмай шырылдап, тіліңді тістеп сөйлеуге тура келеді. Өйткені, сыбайластық сорыңа айналуы мүмкін. Қоршаған ортаның, біз сенген қоғамның суреті осындай», - деп жазды Жанар Ниярова.

Кітапханашы бала бетіне сызат түспеген ақ парақ секілді таза, көңілі кіршіксіз пәк, пейілі кең, не нәрсені болса да тез сіңіргіш кішкене тұлға екенін атап, ес біліп, тәй басқан шақтан ата-анасына, айналасындағыларға еліктеп, солардың әр әрекетін дұрысқа балап, соны қайталап өсетінін айтты. Бесіктен бастап көргені – мәселені телефон арқылы, материалдық құндылық арқылы шешу болса, соны оң дүниеге балаған бала да өмірде кездескен қиындықтың бәрін тамыр-таныс, астындағы тақтың беделі, қалтадағы қаражаттың көмегі арқылы шешуге ұмтылады.

«Сөйтіп, дәл сол бала ер жеткенде сыбайлас жемқорлықтың ошағына айналады емес пе? Бала – ел болашағы, ұлт тағдыры. Ойланбай жасаған жан тыныштығы мен тән рахатының салдарынан бейкүнә баланың ой-санасын улап, тұла бойын тұмшалаған соң, кінәні кімнен іздейміз?  Бұл – іштен шіріген қоғам, тәлкекке түскен тағдырдың көрінісі...

Ертеңімізді ойласақ, бүгіннен бастап тамыры тереңге жайылса да, сыбайлас жемқорлықпен бүкіл ел болып бір адамдай күресуіміз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет. Сол міндетті абыроймен саналы атқару үшін әр адам өз-өзін тәрбиелеуі тиіс. Ал, өзін-өзі саналы тәрбиелеу үшін әр адамға үш-ақ нәрсе жеткілікті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Осы орайда кітапханамызда «Парасат жолы» орталығының да ашылып, адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ, мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып келелі әңгімелер,шығармалар арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету де өз көмегін тиеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «Азаматтарда парасаттылық идеологиясын қалыптастыру арқылы жүзеге асады деген болатын. Біздер, яғги  парасат иелері кітапханашылар да аталған тақырып аясында әр түрлі шаралар, кездесулер,тақырыптық көрмелер,дөңгелек үстелдер, жағдаяттық ойындар өткізіп, өз үлесімізді қосып келеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деген саналы буынның ұрпағымыз. Сол себепті, адалдықты баланың санасына жасынан сіңіру қажет. Ал, баланың жасынан адал болып өсуі үшін ересектердің әрбір әрекеті адалдыққа бағытталуы міндетті», - деп түйіндеді сөзін кітапханашы.

Серіктес жаңалықтары