Тұрғындар атқарылған жұмыстың сапасыз екенін айтып шағымданды
Атырауда жүкті және босанған әйелдер жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған ғимаратқа көшірілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Олар әлеуметтік желіде атқарылған жұмыстың сапасыз екенін айтып шағымданды. Әсіресе ғимарат ішінің салқын екенін, мұның жас босанған ана мен сәбилер үшін қауіпті екенін жазған болатын.
1991 жылы салынған 5 қабатты перинаталдық орталықтың күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 400 млн теңге кеткен. Оның 966 млн-ы ішкі құрылыс жұмыстарына жұмсалса, қалғанына желдету жүйесі жөнделген. Бұл ғимарат құрылысы қазір 99 пайызға бітіп тұр.
Қазір медициналық мекеме терезе перделерін күтіп отыр. Оны 10 желтоқсанда орнату жоспарланыпты. Дегенмен кешке қарай дәрігерлер терезені қолда барымен жауып жүр. Бұл ғимаратқа уақытынан бұрын көшіп келудің де өз себебі бар екен.
«Кеше қатты жел болған кезде ол жерде егеуқұйрықтар пайда болды. Біздің қызметкерлер көріп, содан кейін төбеде жүріп кетті. Ол жерде дератизация жұмыстары жүріп тұрды. Үнемі жасалып тұрды. Бірақ ол даладан жылы жерге тығылды ма, медицина қызметкерлері бар, ол жерде кішкентай нәрестелер жатыр ғой, сондықтан ол жерде ұзақ болу да қиын», - деді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Альмира Сабырғалиева.
Модульді аурухана осыдан 3 жыл бұрын коронвирус пандемиясы кезінде 7 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған еді. Кейін перинаталдық орталықты жөндеу керек болғасын уақытша сол ғимаратқа көшірілді. Бірақ қазір дәрігерлер аурухананы егеуқұйрықтар еркін жайлап алғанын айтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше алдағы уақытта егеуқұйрықтармен күресу үшін арнайы жұмыстар жүргізіледі. Қазір мәселенің мән-жайы зерделеніп жатыр дейді