Жоба 2026 жылға дейін жоспарланған
Астанада мамыр айында «JOLTAP» жобасы іске қосылатыны жайлы келісім орнатылған болатын. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жобаның идеясы қала тұрғындарының табысын арттыру және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша мүмкіндіктер спектрін ұсыну, бірегей деректер базасын құру және жұмысқа орналастыру бойынша проактивті тәсіл екенін атап өткен еді. «JOLTAP» жобасы кірістерді арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy
«JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда, онда белсенді және алдын алу әлеуметтік саясатының қажеттілігі атап өтілді. Жалпы жоба құралдары қазіргі әлеуметтік реформаларға тиімді қосымша. Жобаның бірлескен операторы «Баршаға Мүмкіндік» қоғамдық қоры болып отыр.
«Баршаға Мүмкіндік» модульдік пункттерін адамдар көп жиналатын орындарға орналастыра отырып, жоба міндетті түрде мұқтаж азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін мемлекеттік және қосымша қолдау шараларын ұсынады. Елорданың бірқатар ауданында модульдік пункттер жұмыс істеуін жалғастырып жатыр.
Елорда тұрғындары мен ниет білдірушілердің бәрі мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде тегін кеңес ала алады, сол сияқты жекелеген мамандықтар бойынша оқудан өтіп, өзіне ыңғайлы жұмыс таба алады. Ең бастысы жобаға кез келген адам қатыса алады, оның барлығы толық тегін. «JOLTAP» аясында тұрғындар қаланың бос жұмыс орындары бар JUMYS TAP Telegram бот секілді құралдарын пайдалана алады, сала көшбасшыларының талаптары мен стандарттары, цифрлық дағдылар және шағын бизнесті ашуға арналған шағын несиелеу бағдарламалары жөнінде жұмыс мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқытудан өте алады.
JOLTAP жобасы аясында елордада барлығы 10 модульдік пункт жұмыс істеп жатырБұл бастама елорда әкімдігі мен бірқатар мүдделі мемлекеттік органдардың қолдауымен іске асырылды, жобаның бірлескен операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Барлық модульдік пункттерді «Халық» қоры ұсынады. Жобаға қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы ірі бизнес өкілдері мен сала көшбасшылары жұмылдырылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Астана тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «JUMYS TAP» Telegram-боты іске қосылды. Боттың тегін мүмкіндіктері бос жұмыс орнын немесе қызметкерлерді табуға көмектеседі. Тіркелу бар болғаны 1 минутты алады. Сонымен қатар «JOLTAP» жобасы аясында «Freelance Mumkindik» бағдарламасы бойынша оқыту жүзеге асырылды.
Астана әкімдігінің қолдауымен 2 қазанда «JOLTAP» жобасы аясында «Freelance Mumkindik» атты қысқа мерзімді оқыту бағдарламасының бірінші легі оқыту басталған болатын. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар берілді. Түлектердің кандидатуралары «JUMYS TAP» Telegram-ботында тегін ілгерілендірілді.
Оқушылардың алғашқы топтары құрылды, бірінші ағымда жеті цифрлық дағды бойынша 177 оқушы оқуға кірісті: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графикалық дизайнер, веб-дизайнер.
«Цифрлық дағдыларды меңгеру жастар үшін табысты карьераның ажырамас бөлігіне айналып жатыр. Көптеген бағыттардың ішінде біз жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол ашатын және еңбек нарығында артықшылық беретін жеті цифрлық дағдыны атап өттік», - деп хабарлайды «JOLTAP» жобасының баспасөз қызметі.
Қысқамерзімді оқытуға жазылу «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінде өтеді. Оқушылар арасындағы ең үлкен санат- 60%-дан астамы, бұл елорданың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындары.
Елімізде жұмыспен қамту мәселесі басты назарда тұрған мәселенің бірі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жыл басынан бері барлық облыс әкімдері Ұлттық жобалар, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары, жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындары және жұмыс күшінің ұтқырлығы бағдарламалары аясында халықты жұмыспен қамтудың нақты шаралары бекітілгенін хабарлаған болатын.
Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша және т.б. жұмыспен қамтылған азаматтардың 45%-ын жастар құрайды. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі 2 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды.
Еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары арқылы 228 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың 62%-ы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Тұрақты жұмысқа жіберілген азаматтардың 46%-ы – жастар.
ҚР Президентінің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі бастамасы аясында 278 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына шамамен 181 мың адам жіберілді. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беру үдерісі жалғасын тауып отыр.
Премьер-Министр атап өткендей, Үкімет алдында биыл 1 млн-ға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Қазіргі таңда жалпы 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.
«Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс», — деп атап өтті ол.
Жалпы, әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Бұл ретте Премьер-Министр жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Әлихан Смайылов бүгінде экономикаға энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT-саласының мамандары қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ол Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осы бағыттарды ескеруі тиіс екенін баса айтты.
Премьер-Министр бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылғанын еске салды. Жалпы, аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды.
«Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет», — деп атап өтті ол.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы өңірлерде құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасын арттыру қажеттігін, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету, бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізу және Астанада іске асырылып жатқан «JOLTAP» пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану, сондай-ақ жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету шараларын күшейтуі тиіс екенін атап өтті.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, «JOLTAP» жобасы аясында Астанада 2500 азаматқа кеңес берілген. Қала тұрғындары мемлекеттік қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы ақпарат алған.
«Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері арқылы 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша 2500 адам кеңес алып, әкімдікке көмек алу үшін өтінім жіберген. Бизнес ашу үшін грант пен микроқаржыландыру бағдарламарына қатысуға 570 адам өтінім жасады. Модульдік пунктердің консультанттары тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, әлеуметтік көмек және еңбекпен қамту сұрақтары бойынша жан-жақты ақпарат береді.
«JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары екі қысқамерзімді оқу бағдарламары бойынша білім ала алады. Бірінші бағдарлама арқылы азаматтар сауда, құрылыс, қызметтер салаларында сатушы-кассир, тігінші сияқты жұмысшы мамандықтарына оқи алады. Оқу бағдарламасы бизнес көшбасшыларының талаптары мен стандарттарына сай құрастырылған. «Freelance Мүмкіндік» атты екінші бағдарлама қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды үйретеді.
Жақында жобаның алғашқы түлектері оқуды тәмамдады. Дизайнер (сайттарды әзірлеу) сияқты цифрлық дағдылар бойынша оқуын тәмамдап, сертификаттар алды. Түлектер меңгерген мамандықтары арқылы жұмыс істеуді жоспарлап отыр: жобалар жүргізу, жаңа клиенттер табу және табыстарын арттыру.
«Жастар арасында да, 35 жастан асқан азаматтар арасында да курстарға қызығушылықтың артуы байқалады. Цифрлық дағдылар бойынша қысқа мерзімді курстардан өту кезінде білім алушылардың 63 пайызында жұмыс тәжірибесі болған емес, ал олардың 11%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Түлектердің жартысы ресми түрде жұмысқа орналасуды немесе тапсырыстарды онлайн форматта қабылдауды жоспарлап отыр, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.