Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жобасының нормалары журналистердің мүддесі мен мәртебесін нығайтуға бағытталған

Коллаж: egemen.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оның айтуынша, заң жобасы мемлекет пен қоғамның мүддесін және қазіргі медиасаланың даму ерекшеліктерін ескере отырып жасақталды.

«Қолданыстағы заң бүгінгі ақпарат саласының даму жылдамдығына ілесе алмай отырғаны анық. Сондықтан да, заманның өзі концептуалдық тұрғыдан мүлдем жаңа Заң қабылдауды талап етті. Бұдан бөлек, масс-медиа ұғымы, онлайн-платформалардан басқа, барлық интернет-ресурстарды қамтып отыр. Ең бастысы, заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады», - дед Балаева.

Министр атағандай, болашақ заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды.

«БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында, азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен  5 күнге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді», - деді ол.

Аида Балаева атағандай, еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылады.

«Яғни, бұл норма жазалау принципінен бас тартып, керісінше осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асатын болады. Мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі.

Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады. Журналистердің түрлі шараға қатысуын аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады. Жалпы жоғарыда аталған әрбір жаңалықтың түбінде тиянақты сарап пен мұқият еңбек жатыр», - деді Балаева.

Министрдің айтуынша, заң жобасы Парламент қабырғасына кірген 5 айдың ішінде 20-дан астам отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-сарапшылардың қатысуымен 200-ден аса толықтырулар енгізілген.

«Осы орайда барша депутаттық корпусқа ризашылығымды білдіргім келеді. Оның ішінде, арнайы құрылған жұмыс тобы мен өзім мүшесі саналатын «AMANAT» партиясына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Заң жобасының қаншалықты терең де тиянақты талқылаудан өткенін көріп отырсыздар. Түптеп келгенде оның басты мақсаты – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамассыз ете отырып, журналисттердің мәртебесін көтеру, ақпаратқа қол жеткізу сияқты өзекті мәселелерді реттеуге бағытталған», - деді ол.

Аталған заң жобасы қызу талқыланған соң заң жобасына депутаттар қолдау көрсетті. Екінші оқылымға дейін жұмыс тобы тиісті мемлекеттік органдармен заң жобасын талқылайды.