Арқалықта 2 жыл бұрын ғана ашылған өндіріс орындары жұмысын тоқтатты

Автор: Azattyq Rýhy

Тері илеу зауыты, тігін цехы тоқтағаннан бері қырық шақты адам жұмыссыз қалды

Фото: 24.kz

Арқалық қаласында екі жыл бұрын ашылған тері илеу зауыты мен былғары өнімдерін шығаратын тігін цехы жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан шағын шаҺарда қырық шақты адам жұмыссыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Айгүл Үсенова тігін цехы ашылған сәттен жұмыс істегендердің бірі. Мемлекеттік бағдарламамен мамандықты меңгеріп, грант есебінен екі тігін машинасын сатып алған. Сосын жеке кәсіпкер ретінде былғары өнімдерін тігуге «Үміт» серіктестігімен келісімшартқа отырады. Мұндағы қыз-келіншектердің басым бөлігі осындай жолмен өз кәсіптерін бастаған. Алайда әп-әдемі басталған істің аяғы сұйылып кетті. Тапсырыс азайып,табыс төмендеді.  

Ұзақ жылдар тоқырап тұрған Арқалықтағы тері илеу зауыты қайта жанданғанда жергілікті халықтың қуанғаны рас. Босқа ысырап болып жатқан мал терісін пайдаға жаратар күн туды деп үміттенген. Зауытты іске қосуға 600 миллион тенге ақша жұмсалды. Кәсіпорын айына 126 тонна қара мал терісін өңдеуге қауқарлы еді. Бастапқыда жұмыс қызу басталды. Өңделген былғары Италия, Испания, Түркия елдеріне жіберілді. Сосын бірте-бірте саябырсып, ақыры биыл тоқтап тынды.   Қазір әкімдік қос өндіріс орынын қайта жандандыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

 «Ең басты сатып алушы өндірісін Украина болатын. Байланыстар үзіліп қалғаннан кейін, ол серіктестік жұмысын тоқтатты 23 жылдың басынан бастап. Үміт серіктестігі жұмысын тоқтатқаннан бері, қазір қара малдың болсын, басқа малдың терісін алмайды.  Жылдың аяғына дейін басқа бір инвесторлармен келіссөз жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің тараптан да, Үміттің басшысы да бір инвесторлармен келісімшартқа отырамыз деп ойлаймыз. Қазір келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов.

 Тері илеу зауыты, тігін цехы тоқтағаннан бері қырық шақты адам жұмыссыз қалды. Әзірге олар өндіріс қайта жаңғырар деген үміттерін жоғалтқысы жоқ.