76 мың азамат төлемді тағайындау туралы SMS хабарлама алған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев соңғы күндері «электронды үкімет» - EGOV порталына ақпараттық шабуыл жасалған болуы мүмкін екендігін айтты.
Оның сөзінше, 28 наурыз күні халыққа 42500 теңге жәрдемақы беру туралы шешім қабылданып, IT мамандары түнімен ұйықтмай жұмыс істеген. Бірақ сайтта бір мезетте 15 млн іс-әрекет (сессия) жасалып, ақау шыққан. Ақпараттық шабуыл да болған.
«Әдетте, мұндай жұмыстар ұзақ уақытты алады. Тиісті тексерулерді, тестілеулерді, техникалық құжаттамаларды талап етеді. Бізде оған уақыт болған жоқ. Түнімен жасап, таңертең іске қостық. Сосын жәрдемақыны беру бойынша қызметтер көрсете бастадық. Бір сәтте порталда бірден 15 млн іс-әрекет (сессия) жасалды. Бұл порталға түсетін салмақты арттырып жіберді. Біраз проблема туды. Оны шешу үшін біз сыртқы каналдарды өшірдік. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша да жұмыс істедік. Біздің болжамымызша, шабуылдар болды. Оны біздің мамандарымыз жойды», - деді А.Жұмағалиев.
Министр EGOV порталына түсетін салмақ артқандықтан қосымша ашылған 42500enbek.kz сайты қазір тұрақты жұмыс істеп жатқанын айтады. Ал Telegram бот әлі іске қосылмаған.
Бүгінге дейін 42 500 теңге жәрдемақы алуға 450 мың азамат өтініш берген, 76 мың азамат төлемді тағайындау туралы SMS хабарлама алған. Ақша 60 мың адамға түсіпті.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан