Отбасылық жанжалдарда ұсталған дебоширлер профилактикалық есепке қойылады
Жетісу облысының полицейлері отбасында жанжал шығарған 67 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тәртіп бұзғандар рейд барысында анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Төрт күннен бері жалғасып жатқан шараға 400-ден аса полиция қызметкері, Ұлттық ұлан сарбаздары мен офицерлер тартылған. Олар қоғам белсенділерімен ішімдікке әуес тұрғындардың үйіне барып түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ойын-сауық орындарын, компьютерлік клубтарды тексереді. Бейсауат жүрген балалардың ата-аналарына да тиісті шара қолданады.
«Отбасылық жанжалдарда ұсталған дебоширлер профилактикалық есепке қойылады. Және учаскелік инспекторлар тарапынан тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұрақты тексеріледі. Сонымен қатар осындай фактілер бойынша жиналған материалдар құқық бұзушыға қатысты түпкілікті шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», - деді ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.