Шымкентте туыс ағасы 4 қабаттан лақтырып жіберген бала ауруханада көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде, күдікті қамауға алынды

23 қараша күні кешкі 20:00 шамасында Шымкентте 2 жасқа толмаған баланы туысы 4 қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Оқиға Ғ.Иляев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Бала дереу ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда аурухананың бас дәрігері баланың қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметіне сүйенсек, бүлдіршінді терезеден құлатып жіберген анасының 40 жастағы інісі. Ол 2017 жылдан бері психикалық жағдайына байланысты арнайы есепте тұратын көрінеді. Жантүршігерлік жағдайдан жаға ұстаған көршілері 40 жастағы ер адамның денсаулығындағы кінәраттан хабарымыз бар дейді.

«Баланың анасының інісі психиатриялық есепте тұрады. Оны психиатриялық ауруханаға апарғанда, алып кете беріңдер деген. Біз білгенбіз інісінің диагнозы бар екенін. Бірақ мұндай боларын ешкім білмеді ғой, бәрімізді шошытты. Уайымдап жатырмыз, өте қорқынышты жағдай», – дейді көршісі Дана Бектаева.

Болған оқиғаға байланысты ҚР ҚК «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 40 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды.

«Анықталғаны психиатриялық есепте тұратын баланың анасының інісі 4-ші этаждан баланы ойнап жүрген жерінен алып лақтырып жіберген. Полиция қызметкерлерінің шұғыл шараларының барысында 40 жастағы жігіт ұсталып, қамаққа алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде», - Шымкент қаласы ПД Тергеу басқармасының бастығы Өмірбек Бекбердиев.

Бүлдіршін жалғызбасты ананың жалғыз ұлы екен. Өкінішке қарай, төртінші қабаттан лақтырып жіберген бала ауруханада көз жұмды. Жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің жағдайы ауыр болғандықтан, оны аман алып қалу мүмкін болмады дейді дәрігерлер. Сәби ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, ес жимастан көз жұмды.