Мақсат Халықтың пікірінше, цифрлық теңгенің айналымға түсуі экономикалық көрсеткіштің өсуіне көкек болмақ
Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауының орындалуы кедейшілікті азайтады. Экономист Мақсат Халық осылай деп пікір білдірді. Оның сөзінше, отбасының цифрлық картасының жасалуы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ал цифрлық теңгенің айналымға түсуі экономикалық көрсеткіштің өсуіне көкек болмақ.
«Бір жыл ішінде экономикалық өзгерістер болып жатыр деп айту әлі ерте, өйткені экономикалық мәселерерге президент тек осы жылғы жолдауында кеңінен тоқталған болатын. Халқымыздың әл- ауқатын арттыру бойынша әлеуметтік кодекс қабылданды. Әлеуметтік кодекстің оң тұстары жасалынайын деп отырған отбасының цифрлық картасы. Оның көмегімен отбасылардың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқат деңгейін анықтап, жіктеуге болады. Соған сәйкес әлеуметтік қорғау жүйесін басқаруда да автоматтандырылған ақпараттық жүйе деректерін кеңінен қолдануға болады деген сөз.
Сонымен қатар келер жылы айналымға еңгізілетін цифрлық теңге де бұл жүйенің қалыптасуы мен дамуына оң ықпалы болады. Ең бастысы қаражаттың бөлінуі мен тиісті отбасыға жетуінің ашықтығы қамтамасыз етіледі», - деді экономист.
Жолдаудағы тапсырманың бірі бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарту. Бұл тапсырма орындалды. Мақсат Халық алдағы уақытта төлемді 2 жылға дейін ұзартуға болады деп санайды. Келер жылдан бастап «Ұлттық қордан - балаларға» жобасы іске аса бастайды. Жуырда заңға Президент қол қойды.
«2 жылға дейін ұзартқанда тіпті дұрыс еді, бала балабақшаға баруға дайын болып, ал ана бірден жұмысқа шығу мүмкіндігіне ие болар еді. Уақытымен оған да қол жеткізерміз. Әлеуметтік кодекстің нәтижесі туралы сөз қозғамас бұрын, оның нәтижесі деп нені айтамыз – соны нақтылап алу қажет. Басты басымдық – кедейшілікті азайту және халқымыздың өмір сүру сапасын жақсарту деп белгіленуі тиіс.
Меніңше, бұл құжатта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі ашық күйде қалып отыр. Ең төменгі табысты есептеу, ең төменгі күнкөріс шегін анықтау, кедей халықтың нақты көлемін анықтау қажет. Президенттің тапсырмаларының ішінде еліміздің әл ауқатына әсер ететіні, ол келер жылдан бастап балаларымыздың шотына аударылатын Ұлттық қордың үлесі. Енді ғана Ұлттық қор келешек ұрпақ қоры деген функциясын орындай бастады деуге болады. Әзірге оның көлемі өте аз, Ұлттық банк сарапшыларының айтуынша 18 жылда 3000-3500 мың доллар жиналады деп отыр. Бірақ осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырсақ. Ұлттық қордың инвестициялық кірістерін арттыру бойынша және ұлттық қор көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар дұрыс жүргізілсе онда балаларымызға түсетін түсімдер еселенетін болады», - деді ол.
Экономист болашақта баланың жеке есеп шотындағы жинақты кемі 10 000 долларға жеткізуге болады деп санайды. Сарапшы Президенттің тапсырмасын орындау үшін табыс пен түсімді көбейту, әрі ұлттық экономикамыздың жаңа моделін бекіту керек деп санайды.
«Осы жерде халқымыздың азаматтық бақылаушылық позиция ұстауы маңызды деп білемін. Шет елден қайтқан активтерді арнайы шотқа емес, Ұлттық қорға аудару қажет. Ұлттық қор активтерінің инвестициялық кірістілігін арттыру бойынша жұмыс жасайтын қаржыгерлерді халықаралық сертификациядан өткізу қажет. Президент 7 жылда ел экономикасын 2 еселеп ЖІӨді 450 млрд долларға жеткізу қажет деген меже қойды. Ол үшін үкімет ЖІӨ-нің жылдық өсімін кемі 7 пайыз қамтамасыз етуі қажет деп атап өтті. Меніңше экономикамыз екі еселенуі үшін кемі 10 пайыздық өсім болуы қажет. Ал үкімет ол мақсатқа қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте еліне жаны ашитын азаматтардан құралған халық қызметшілерімен толысу қажет, екіншіден халқымыздың әл-ауқатын арттыруды жаңа деңгейге шығаруға, алаш идеясына негізделген ұлттық экономикамыздың жаңа моделін бекіту қажет деп есептеймін», - деді Мақсат Халық.
Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ